ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ БАС МЕШІТТЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ (ФОТО)

08 қыркүйек 2023 2132 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы Республикалық бас мешітте жұма уағызын айтты.

«Талақ – Алла сүймейтін іс» тақырыбында уағыз айтқан Бас мүфти қоғамдағы ерлі-зайыптылардың ажырасуын шариғатымыз рұқсат еткен нәрселердің ішінде Алла Тағала үшін ең ұнамсыз іс екенін айтты.

«Отбасы – шағын мемлекет. Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың мекені. Зиялы да ізгі қоғам жақсы отбасыдан құралады. «Отан отбасыдан басталады», «Отан – қуат, отбасы – шуақ», «Отбасының сәні – сыйластық, достың сәні – қимастық», деген сөздердің астарында үлкен мән жатса керек. Екі жастың үйленуі үй болуға әкеледі. Үйлену – адамзат ұрпағының көбеюіне, жер бетінде сақталуына әкелетін табиғи құбылыс. Дініміз ислам әйел баласына үйленгеннен кейін ерінің аманатына жатқызады, оған құрметпен қарауды бұйырады.

Ал ажырасудың қоғамға тигізер зияны өте көп. Ол тек екі адамның сөзі жараспағаны үшін екі жаққа кету ғана емес, ортадағы ұрпақтың психологиясына, тәрбиесіне, тіпті болашағына зиян тигізу екенін ұмытпау керек. Осындай сәтті пайдаланған шайтан көңілін мұң басып, жарынан ажырасқан жанның жүрегін алдамшы нәрсемен басу үшін алдымен құмар ойындарға қызықтырып, кейін арақ-шарап сынды неше түрлі масайрататын, ақылынан адастыратын күнәлі амалдарға итермелейді» деді Наурызбай қажы Тағанұлы. 

ҚМДБ Төрағасы жұма намазынан кейін мешіт жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасап, жастарға адал жар, қайырлы неке, ұзақ та бақытты отбасылық өмір тіледі.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру