ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ СТУДЕНТТЕРДІ ӘС-СЫҒНАҚИ ЕҢБЕКТЕРІН ТЕРЕҢ ОҚУҒА ШАҚЫРДЫ (ФОТО)
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласына барған сапарында қазақ даласынан шыққан көрнекті ғұлама-ғалым Хусамуддин әс-Сығнақидың 800 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Ислам өркениеті кеңістігіндегі Хусамуддин әс-Сығнақи мұрасы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысып, студенттерге насихат айтты.
Нұр-Мүбәрак университетінің шәкірттерін терең білім алуға үндеген Бас мүфти: «Осы ретте студенттерімізді діни рухани кеңістігіміздегі бүгінгі күннің түйткілді діни терең сұрақтарға тұщымды, бұлтартпас дәлелдермен жауап беру үшін осы салада жазылған әс-Сығнақи еңбектеріне терең бойлап, ғылым игеруге шақырамын. Өйткені ғұламаның бұл саладағы еңбектері еліміздегі Әбу Ханифа фиқһ мектебін және Матуриди ақида мектебін зерттеуде, оқытып-үйретуде құнды ғылыми әдебиеттердің бірі саналады» деді.
Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі