ҚМДБ: Төтенше жағдай жарияланған кезде мешітте жұма және бес уақыт намаз оқуға қатысты пәтуа

16 наурыз 2020 5461 0
Оқу режимі

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Барша мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

Бүгінде COVID-19 коронавирус жұқпалы дерті әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әлемді шарпыған жұқпалы дертті пандемия деп жариялауына байланысты Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылдың 16  наурызынан бастап 30 тәулікке төтенше жағдай енгізілді. 

Алла Тағала адамзат баласына:

وَلَا تُلْقُوا بِأَيْدِيكُمْ إِلَى التَّهْلُكَةِ

 «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге тікпеңдер», – деп ескерту жасаған («Бақара» сүресі, 195-аят). Өмір – Алла Тағаланың берген аманаты.  

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұқпалы ауруға байланысты: «Науқас кісі дені сау адамға жақындамауы тиіс», – деген (Бухари, Муслим).

Мұнымен қоса шариғатта «Өзіне де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды» деген қағида бар.

Ислам діні кейбір ғибадаттарды қауіпті жағдайларда уақытша тоқтатуға рұқсат береді. Мысалы, адамның өміріне, денсаулығына, мал-мүлкіне, бала-шағасы мен отбасы мүшелеріне әлдебір залал тиетін болса, шариғатымыз оның мешітке келіп, бес уақыт намазды жамағатпен оқуын, тіпті жұма намазға қатысуын міндеттемейді.

Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі елімізде жарияланған төтенше жағдайды ескере келе, коронавирустың жамағат арасында таралуының алдын алу шарасына қатысты төмендегіні мәлімдейді:

Біріншіден, мемлекет тарапынан елде төтенше жағдай жариялануына және індеттің таралу қаупі жоғары болуына байланысты мешіттерде жұма намазы уақытша оқылмайды. Әркім өз үйінде жұма намаздың орнына бесін намазын өтейді.   

Екіншіден, мешіттер жабылмайды, бес уақыт намазға азан шақырылады, алайда бес уақыт намаз мешітте жамағатпен оқылмайды.

Үшіншіден, мешіт жанындағы асханаларда өтетін құдайы ас, садақалар (жетісі, қырқы, жылы т.б. дәстүрлі кәделер) уақытша тоқтатылады.

Төртіншіден, жаназа намазын тек жақын туыстарымен, яғни аз топпен өткізген дұрыс.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман қауымын сабыр сақтауға, орынсыз үрейленбеуге, халықты дүрліктірмеуге және Алла Тағалаға дұға етуге шақырады.

16 наурыз 2020 жыл
Нұр-Сұлтан қаласы

Пікірлер Кіру