ҚМДБ жанынан «Діни оңалту» бөлімі ашылды (ФОТО)

13 наурыз 2020 4482 0
Оқу режимі

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан «Діни оңалту» бөлімі ашылды.

Елордада өткен алқалы жиында ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы аталған бөлім меңгерушісі Қанат Алшынбаевты ұжымға таныстырып, жаңа жұмысына береке тіледі.

«Діни басқарманың негізгі жұмыс бағыттарының бірі – деструктивті діни ағымның арбауында кеткен азаматтарды оңалту, оларға діни кеңес беріп, түсіндірме, насихат жұмыстарын жүргізу. Осы бағыттағы жұмысымызды жандандыру мақсатында «Діни оңалту» бөлімін аштық. Осыған дейін облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда имамдық қызмет атқарған, Республикалық ақпараттық-насихат тобының белсенді мүшесі ретінде өнімді еңбек нәтижесін көрсеткен, бір кездері «Насихат» кеңес беру-оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры болған тәжірибелі дін қызметкері Қанат Алшынбаев жаңадан ашылған бөлім жұмысына серпін береді деген сенімдемін», – деп атап өтті Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Қанат Мұқанғалиұлы Алшынбаев 1978 жылы Солтүстік Қазақстан облысында туған.

2001-2005 жылдары «Нұр Мүбәрак» университетінде білім алған;

2010-2013 жылдары Көкшетау қаласындағы «Науан хазірет» мешітінде наиб имам қызметін атқарған;

2013-2017 жылдары Көкшетау қаласында «Насихат» кеңес беру-оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры қызметін атқарған;

2017-2019 жылдары Көкшетау қаласындағы «Науан хазірет» мешітіне наиб имам қызметіне қайта тағайындалған;

2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Aq meshit» мешітінің наиб имамы қызметіне тағайындалды;

2019 жылдың мамырында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы қызметін атқарды;

2020 жылдың наурыз айынан бастап Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен ҚМДБ «Діни оңалту» бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.

Отбасылы. Бес баласы бар. Бұдан бөлек төрт жетім баланы өз қамқорлығына алған.

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру