ҚМДБ: ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАУҒА АРНАЛҒАН ТӨРАЛҚА МӘЖІЛІСІ БАСТАЛДЫ (ФОТО)

21 желтоқсан 2023 1665 0
Оқу режимі

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен 2023 жылды қорытындылауға арналған Төралқа мәжілісі басталды. 

Жиын қасиетті Құран Кәрім аяттарын оқумен басталып, Бас мүфти ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға тіледі. Бұдан кейін ҚМДБ Төрағасы еліміздің әр өңірінен келіп отырған өкілдіктердің бас имамдарының, сондай-ақ дін қызметкерлерінің жыл бойына атқарған жұмысына оң баға беріп, сәттілік тіледі. 

«Көрнекті ғалым Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын) бір сөзінде: «Мұсылман кісі әрқашан «не сөйледім, қандай нәрсе жедім, не іштім?» деп өзін-өзі әрқашан есепке алып отырады. Жақсы адам әрқашан өз жанын тергеп тұрады» деген екен. Расында мүмін адам өз нәпсісін тәрбиелеуші. Ол Алланың разылығын көздеп, өзін-өзі есепке алады. Шын мәнінде өзін осы дүниеде есепке алғандар үшін о дүниенің есебі жеңіл болады. Біз бүгін Алла разылығы үшін бір жыл бойы атқарылған жұмыстарымыздың есебін беру үшін осы залға жиналып отырмыз. Алла Тағала әрбір ісіміздің таразыда ауыр тартуын нәсіп еткей» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетейік, бүгін Діни басқарманың еліміздің әр өңіріндегі өкілдіктерінің бас имамдары 2023 жылы атқарған жұмыс есебін баяндайды.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру