ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ЗАҢДЫЛЫҚТЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ (ФОТО)
«Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіповтің басшылығымен елорда имамдарына «Қоғамдық қауіпсіздік пен заңдылықты қамтамасыз ету: сыбайлас жемқорлық және экстремизммен күрес аясындағы ынтымақтастық» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.
Аталмыш басқосуға Астана қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің превенция басқармасының аға офицері Мақсұт Нұрболат Бақытжанұлы, Астана қаласының полиция депатраменті Экстремизммен күрес басқармасының жедел уәкіл капитаны Сейтенов Жандос Қалиоллаұлы, Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің аға инженері азаматтық қорғау аға лейтенанты Полатов Ербағлан Еркінұлы және Астана қаласының дін қызметкерлері қатысты.
Шараның мақсаты — мешіт қызметкерлерінің қауіпсіздік шаралары мен заң талаптарын білу деңгейін арттыру, жамағатпен жұмыс істеу барысында туындауы мүмкін оқиғалардың алдын алу.
Жиын барысында құқық қорғау органдарының өкілдері мен білікті мамандар қауіпсіздік ережелері, қоғамдық тәртіпті сақтау, төтенше жағдайларда әрекет ету алгоритмдері және де сыбайлас жемқорлықпен күрес және оның алдын алу механизмдері, экстремистік идеологияның таралуына қарсы тұру жолдарын түсіндірді.
Отырыс соңында аталған бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға арналған ұсыныстар талқыланып, ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасалды.
Суреттерді толығырақ «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыз!
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі