ҚҰРБАН АЙТТА БАЛАЛАРҒА МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ (ФОТО)
Исі мұсылманның ұлық мерекесі Құрбан айтта ҚМДБ Астана қаласы өкілдігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» және «Әл-Фаттах» мешітінің әйел ұстаздары мен шәкірттері балаларға арнап рухани, ойын-сауық кешін өткізді.
Балаларға Құрбан айт мейрамының маңыздылығын білдіу, сезіндіру мақсатында ұйымдастырылған шараға 50 бала қатысты. Рухани шараның өтуіне мұрындық болған «Әл-Фаттах» мешітінің бас имамы Бағдат Абдукаримов.
Кешті ұйымдастырушы «Әзірет Сұлтан» және «Әл-Фаттах» мешітінің ұстазы Зарина Шамидуллақызы мен ұстаз Мухлиса Сайдуллақызы балаларға Құрбан айттың мейрам екенін сезіндіру, діни мерекелердің маңыздылығын ұғындыру олардың рухани кемелденуіне ықпал етеді дейді.
Құран аяттарымен басталған рухани ойын-сауық кешін «Аватария» ойын-сауық орталығында өтті. Тағылымы мол кеште өкіл имам Ерболат Нұрылдаұлы алғы сөз сөйлеп, айт мейрамымен құттықтады. Сондай-ақ, балаларға айттық сыйлығын табыстап, ізгі лебізін білдірді.
Кеште мешіт шәкірттерінің қатысуымен рухани қойылымдар қойылды. Спорттық және рухани-танымдық ойындар ойнатылып, ән мен күйден шашу шашылды. Балалардың көңілін көтеру мақсатында қынамен сурет салынып, тәтті-дімдіден дастархан жайылды.
Айта кетейік, Астана өкілдігіне қарасты Әйел-қыздар секторы балалардың жүрегіне имандылық шуағын сеуіп, рухани тәрбие беруге маңыз беріп келеді. Мәселен, ораза айт мейрамында да «Кел, айттайық, балақай!» атты балаларға арналған мерекелік шара өткізген болатын. Сондай-ақ, Астана қаласының Әйел-қыздар секторы мешіт жамағатының бір-бірімен бауырмашыл болып, етене жақын араласуға баулып келеді. Бүгінгі шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған қос мешіт жамағаты да ауызбіршіліктерін көрсетіп, мұсылман жұртшылығына үлгі көрсетті.
Дереккөз: Muslim.kz