Қызылорда қаласында жаңа мешіт ашылды (ФОТО)
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Сыр өңіріне жасаған сапарында Қызылорда қаласында бой көтерген жаңа мешіттің ашылуына қатысты.
Құран аяттарымен басталған салтанатты шарада Бас мүфти қызылордалықтарды жаңа құлшылық үйімен құттықтап, асыл дініміздің насихатталуына үлес қосқан демеуші азаматтарға алғысын білдірді.
«Ислам діні келіп, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің насихатын жеткізе бастағанда қасында қаншама жандар болды. Бірақ Әбу Бәкірдің (р.а.) орны бөлек еді. Бұл турасында Алла Елшісінің өзі «Исламға шақырған кезімде, Әбу Бәкірден басқасының көкірегінде бір таңырқау мен күмән болды. Бірақ Әбу Бәкірге Исламды айтып жеткізгенімде, көңіліне күдік алмастан, кідірместен иман келтірді» дейді. Міне, Хазіреті Әбу Бәкір (р.а) – Ислам әлемінің, жалпы мұсылман қауымының Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кейінгі ең ардақты тұлғасы.
Ол Ислам діні жолында жанын да, малын да пида етуімен, туралық, шынайылығымен басқаларға жарқын үлгі болды. Бүкіл ғұмыры биязылық, жомарттық, жанкештілік тәрізді адамдық асыл қасиет өрнектеріне толы.
Біз былтырдан бері еліміздегі жаңадан ашылып жатқан мешіттерімізге тарихи, мәдени, рухани салада еңбегі сіңген ардақты тұлғаларымыздың атын беру үрдісі қалыптасты. Ислам дінінің дамуы, қанат жаюында өлшеусіз үлес қосқан ардақты тұлғаның есімін иеленген мешіт құтты болсын!
Мешіттің салтанатты ашылу рәсімінен кейін қонақтар ғимараттың сән-салтанатымен танысып, алғашқы нәпіл намазын оқыды.
Аралбаевтар әулетінің демеушілігімен Саяхат шағын ауданында 2019 жылы құрылысы басталған жаңа мешіттің сыйымдылығы – 350 адам. Ерлер және әйелдер залы, имам бөлмесі бар. Сондай-ақ мешіт жанынан заманауи үлгідегі дәретхана бой көтерген.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі