ҚЫЗЫЛОРДАДА «БАБАЛАР СӨЗІ – ДАНАЛЫҚ КӨЗІ» ДІНИ ЖЫРЛАР РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ (ФОТО)

12 мамыр 2023 2104 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қызылорда облысындағы жұмыс сапары барысында облыс орталығында өткен «Бабалар сөзі – даналық көзі» республикалық жыршылар фестиваліне қатысты.

Бас мүфти өз сөзінде мұндай мінәжат жырлардың ұмытылып бара жатқандығын айтып, оны жаңғырту қажеттігін және көне діни өлеңдерді қайта насихаттауға көңіл бөлу жайына тоқталды.

«Мінәжат дегеніміздің өзі дұға ету, жалбарыну, үнсіз тілек тілеу. Өзіне қажетін Алладан сұрап, кешірім тілеп, Алланы мадақтау арқылы ойшылдар, шайырлар мен жыраулар, ақындар әртүрлі кезеңде мінәжат жырларын жазып отырған. Бастан аяқ Аллаға арналған жырларды Мінәжатнама деп атаймыз. Одан бөлек Пайғамбарымызға да арнап өлеңдер жазылды. Пайғамбарымыздың өзін емес, оның сүннетін де жырға қосты. Шұғылалы жолмен қазақ халқы да жүріп, тура жолды сілтеуші Пайғамбарын жүректен шыққан жырларына қосқаны мәлім. Бұл жыр, өлең жолдарының бәрі Аллаға, оның Елшісіне деген сүйіспеншіліктен туған дүние деп қабылдаймыз. Бүгінгі республикалық мінәжат жырлар фестивалінің қатысушыларына Алла жар болсын» деп ізгі тілегін жеткізді. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Аманұлы да қатысушыларға сәттілік тілеп, діни өлеңдерді көбірек насихаттау керек екенін айтты.

Айта кетейік, еліміздің бірнеше аймағынан келген өнерпаздардың қатысуымен өткен байқау Омар Шораяқұлының 145 жылдығына арналды. Негізгі тақырып – діни жырларды өз шығармасына арқау ету. 20 қатысушы бағын сынаған фестиваль барысында барлық өнерпазға ҚМДБ Төрағасының алғыс хаты табысталып, арнайы қаржылай жүлде берілді.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру