Рамазан айында жаңа жобалар ұсынылады

13 сәуір 2021 3382 0
Оқу режимі

Айлардың сұлтаны қасиетті Рамазан айы бойы жаңа жобалар көрермен назарына ұсынылады.

Атап айтқанда, былтыр «Qazaqstan» арнасынан бастау алған ҚМДБ мен Ұлттық арнаның бірлескен жобасы «Ораза қабыл болсын!» хабары биыл да эфирге шығады. Хабарға ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшелері, бөлім басшылары мен мешіт имамдары қатысып, Рамазан айы мен оразаға қатысты тұрғындар сауалына жауап береді.

«Ораза қабыл болсын!» хабарының бүгінгі көрсетілімі сағат 21:20-да басталады. Бағдарламаның беташары ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен ашылады. Ертеңнен бастап «Ораза қабыл болсын!» хабары күн сайын 17:20-да эфирге шығады.

Qazaq radiosy әр жұма сайын сағат 10:10-да тікелей эфирдегі «Ықылас» радиобағдарламасын тыңдарман назарына ұсынады. Сондай-ақ Qazaq radiosy эфиріндегі күн сайын берілетін таңғы «Қайырлы таң, Қазақ елі!» бағдарламасынан «Берекелі Рамазан» айдары ашылады.

ҚМДБ-ның ресми парақшалары да Рамазан айында оқырмандар назарынан тыс қалмайды. Күн сайын сағат 19:00-де @muftiyatkz инстаграм парақшасы мен МУФТИЯТ ҚМДБ YouTube арнасында «30 күннің берекесі» атты рухани-танымдық бағдарлама жарыққа шығады.

Бұдан бөлек күн сайын сағат 16:00-де @muftiyatkz инстаграм парақшасында «Рамазан – рақым айы» тікелей эфир ұсынылады. Тікелей эфирде елімізге белгілі имамдар мен дінтанушылар оқырман сұрақтарына жауап береді.

«Халық арна» эфирінде Рамазан айының құрметіне «Сағындырған Рамазан» атты республикалық жас ақындар айтысы ұйымдастырылады. Сондай-ақ күн сайын сағат 19:30-да @hikmettv инстаграм парақшасында Құран хатым оқылады.

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру