РАНТ МҮШЕСІ АСТАНА ЖАМАҒАТЫМЕН БІРҚАТАР КЕЗДЕСУЛЕР ӨТКІЗДІ (ФОТО)
Астана қаласына ресми іссапармен келген ҚМДБ РАНТ мүшесі Сманов Дінмұхаммед Абдужаппарұлы бірқатар кездесулер өткізіп, Елорда жамағатына уағыз-насихат жұмыстарын жүргізді. Дінмұхаммед Абдужаппарұлы бірнеше мешіт жамағатымен жүздесіп, «Астана» медресе-колледжінің студенттеріне дәріс оқыды. Бас-аяғы 11 кездесу өтті.
Атап айтқанда, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде «Рамазан – Құран айы» тақырыбында, «Ырыскелді қажы» мешітінде «Ақ некенің маңыздылығы», «Aq meshit» мешітінде «Күнәлі істердің зардабы» жөнінде, «Рақымқызы Раиса ана» мешітінде Рамазанға қатысты фиқһи мәселелер турасында, «Abu Nasr Al Farabi» мешітіне «Ерлі-зайыптылардың өзара құқықтары» тақырыбында тұшымды уағыздар айтып, жамағат білімін арттыра түсті. Сондай-ақ, Астана медресе колледжінде «Діни білім алудың маңыздылығы» хақында дәріс оқыды.
Сонымен қатар, ҚМДБ-ның жанынан құрылған Республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі «Әзірет Сұлтан» мешітінде Рамазандағы жиі қойылатын сұрақтарды талқылай отырып, Астана имамдарының біліктілігін арттыру семинарын өткізсе, кейіннен «ҚР Әділет Министрлігі Астана қаласының Әділет департаментіне» барып, «Адал қызмет мұсылманға міндет» тақырыбында дәріс өткізді. Келесі күні «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Астана қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің» Қызметкерлерімен кездесіп «Мұсылман адамның қоғам алдындағы жауапкершілігі» атты, адалдық, парасаттылық туралы дәріс оқыды.
Дереккөз: Muslim.kz