Сауд Арабиясы коронавирусқа байланысты елге кіргізуді уақытша тоқтатты

27 ақпан 2020 5311 0
Оқу режимі

Бүгін, 27 ақпан күні Сауд Арабия Корольдігі әлемге қауіп төндіріп тұрған коронавирус індетінен сақтану мақсатында ұмра қажылығын жасау үшін Мекке мен Мәдина қалаларына кіруді уақытша тоқтатты. 

Бұл туралы Сауд Арабияның Сыртқы істер министрлігі (СІМ) өзінің Twitter-дегі парақшасында: «Патшалыққа ұмра қажылығын жасау және Пайғамбар (с.ғ.с.) мешітін зиярат ету үшін кіру уақытша тоқтатылды!» деп хабарлады. 

Корольдіктің Сыртқы істер министрлігі коронавирустың таралу қаупі жоғары елдердің азаматтары үшін туристік және ұмра визаларының берілуін де  уақытша тоқтатты. Сондай-ақ тек коронавирустың таралу қаупі бар елдерден келген туристік визалардың иелеріне ғана емес, әлемнің әр түпкірінен келген туристерге елге кіруге тыйым салды. 

Ұмра маусымын ұйымдастыруда да биыл Сауд Арабия Корольдігі (САК) бірқатар өзгеріс жасады. Бұдан былай әлемнің 49 елі САК-қа 1 жылдық туристік виза рәсімдеу мүмкіндігіне қол жеткізді. Оның ішінде Қазақстан да бар (Виза 1 жылға беріледі. Бірнеше рет кіріп-шығу мүмкіндігі бар. Бір кіргенде 3 айға дейін қалуға болады). Осы орайда еліміздегі жауапты мекемелер екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынасты нығайту жолында орасан зор жұмыстар атқарғанын ескерген жөн. Аталмыш туристік виза арқылы Мекке мен Мәдина қалаларына кіру, ұмра жасау мүмкіндігі және Корольдіктің барлық өлкесіне саяхат жасау мүмкіндігі қарастырылған еді. 

Алайда Сауд Арабия Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, жоғарыдағы туристік виза рәсімдеу мүмкіндігіне қол жеткізген 49 мемлекеттің ішінен 22 мемлекетке туристік визамен кіру уақытша тоқтатылды. Олар – Қытай, Иран, Италия, Корея, Жапония, Тайланд, Малайзия, Индонезия, Пәкістан, Ауғанстан, Ирак, Филиппин, Сингапур, Үндістан, Ливан, Сирия, Йемен, Әзірбайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Сомали, Вьетнам. 

Айта кетейік, 2019 жылдың 31 желтоқсанында Қытай билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДСҰ) елдің орталық бөлігіндегі Ухань қаласында (Хубэй провинциясы) белгісіз індеттің өршуі туралы хабарлаған болатын. Сарапшылар аурудың қоздырғышын анықтап, бұл коронавирус індеті екенін мәлімдеген. ДДСҰ  індетті халықаралық маңызы бар төтенше жағдай деп жариялап, жаңа вирусқа COVID-19 деген ресми атау берді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру