«Шашу» отбасылық ансамблі «Әзірет Сұлтан» мешітін зиярат етті (ФОТО)

21 маусым 2022 3916 0
Оқу режимі

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіне Жетесовтер отбасынан құралған «Шашу» ансамблі арнайы келіп, зиярат жасады. Жөні бөлек құрметті қонақтарды мешіт бас имамы Ерболат Жүсіпов өзі қарсы алып, құлшылық ордасымен таныстырды.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласында тұратын Жетесов Өмірхан ағамыздың бұл күнде бауырына басқан 21 баласы бар. Жастайынан жетімдіктің зардабын тартып өскен Өмірхан жұбайы Алмагүл Ешпановамен ақылдаса келіп, соңғы он жыл ішінде балалар үйінен 18 бүлдіршінді өз қамқорлықтарына алған. Балаларға мейірім шуағын төгіп, жастайынан еңбек пен өнерге қатар баулыған ата-ананың үміті ақталып, перзенттерінің барлығы бұл күнде бір-бір аспаптың құлағында ойнайтын өнерпаз болып өсіпті. Сазсырнай, қобыз, шаңқобыз, домбыра, баян, жетіген, шертер, шіңкілдек сынды ұлттық аспаптарымызға жан бітіріп, бүгінде отбасылық ансамбль болып қалыптасқан.Осы жолы ел астанасына арнайы гастрольдік сапармен келіп, концерт беріп келе жатқаны беті екен.

Ерлікке бергісіз амал жасап қана қоймай, балаларының бойына ізгілік пен еңбексүйгіштіктің, өзіне деген сенімділіктің, бастысы жүректерінде өмір оты тұтатқан Жетесовтер отбасына Бас имам шынайы алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді. Балдырғандар арнайы дұға жасап, ақ тілегін білдірді.

Елге жүрер алдында құлшылық ордасы арнайылап келген Жетесовтер отбасы Бас мешіттегі «Имани жаз» жазғы сауат ашу курсының аяқталу рәсіміне дөп келіп, бала шәкірттерге өз өнерлерін паш етті.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру