СОҒЫСТА ҚАЗА БОЛҒАН БАТЫРЛАРДЫ ЕСКЕ АЛУ КЕШІ ӨТТІ (ФОТО)

09 мамыр 2023 2522 0
Оқу режимі

Бүгін Елордадағы «Әл-Ғани» мешітінде Жеңіс күніне орай Астана қаласының Өзбек этномәдени орталығы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен ҚМДБ Астана өкілдігімен бірлесе отырып Ұлы Отан соғысында қаза болған батырларды еске алу кешін өткізді.  Ас беріліп, мешіт имамдары қасиетті Құран аяттарын еліміздің бейбітшілігі үшін күрескен барша батырлардың рухына бағыштады.

Іс-шараға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ мешіт қызметкерлері мен  басқа да қонақтар қатысты.

Белгілі мемлекет қайраткері Ерсұлтан Бектұрғанов Қазақстандағы этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуда Ассамблея мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының біріктіруші рөлге ие екенін, сондай-ақ,  бүгінгі шараның маңыздылығын атап өтті. Ол осынау игі іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, жиылған қауымды Жеңіс күнімен құттықтады. Белгілі қоғам қайраткері Салман Героев өз сөзінде соғыс және қуғын-сүргін жылдарында достық қолын созып, көптеген қуғын-сүргінге ұшыраған халықтардың өлімінен құтылуына себеп болған барлық қазақ халқына шынайы алғысын білдірді.

Халық батырларын еске алуға арналған дастархан басында  Астана қаласындағы Өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов жиылған қонақтарға азық-түлік жиынтығын таратты.

«Әл-Ғани» мешітінің бас имамы Дулат Қабиденұлы Астана қаласының бас имамы Ерболат Нұрылдаұлының қолдауымен бүгін Елордада Жеңіс күніне арналған бірқатар іс-шаралар өткізіліп жатқанын айтып, ҚМДБ басшылығының атынан аталған іс-шараның барлық ұйымдастырушыларына алғысын білдірді. Ол соғыста құрбан болған барша майдангерлер үшін дұға етіп, елдің амандығын тіледі. 

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру