Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған жұмыс жоспары талқыланды (ФОТО)

10 ақпан 2021 4006 0
Оқу режимі

Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған арнайы жиын өтті. Мәжіліске Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы, Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, ҚМДБ бөлім меңгерушілері қатысты.

Жиында наиб мүфти Ершат Оңғаров Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2021 жылы атқаратын жұмыс жоспары мен Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар туралы баяндап өтті. Сонымен қатар Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов, Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Қанат Алшынбаев өткен жылы атқарылған жұмыстар жайлы баяндама жасап, бөлім жоспарымен бөлісті.

Жиналыста Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Біз күнделікті уағыз-насихат жұмыстарында тәрбие мәселесіне баса мән беріп отырмыз. Осы бағытта Ихсан ілімі, толық адам концепциясы жайлы кітап жаздық. Алла қаласа, жуырда тұсаукесер рәсімін жасаймыз», – деп атап өтті.

Мәжілісте сөз алған вице-министр Марат Әзілханов мүфтияттың игі бастамаларына, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған ізгі іс-шараларына сәттілік тіледі.

Айта кетсек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 30 жылдық мерейтой қарсаңында 12 қайырымдылық іс-шара, 11 шығармашылық байқау, 10 форум мен конференция, 2 спорттық сайыс ұйымдастырып, 4 кітап шығаруды жоспарлап отыр.        

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру