Террорист Руслан Күлекбаев екі рет суицид жасамақшы болған
«Алматылық атқыш» Руслан Күлекбаев екі рет суицид жасамақшы болған. Бұл туралы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетi Tengrinews.kz ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Алматы қалалық қылмыстық істер жөнінде мамандандырылған ауданаралық соты Күлекбаевты өлім жазасына кескен еді. Қазіргі уақытта ол Қостанай облысындағы УК-161/12 қауіпсіздігі жоғары мекемеде.
«Суицидке қатысты айтар болсақ, ол жазасын өтеп жатқан уақытта екі жағдай тіркелді, дер кезінде қылмыстық-атқару жүйесі оның алдын алды. Өкінішке қарай, ол әлі де суицид жасау мүмкіндігін іздеп жүр. Мекеме басқа да кешенді профилактикалық шараларды қолданып жатыр», – деді комитеттегілер.
ҚАЖК мамандарының айтуынша, өлім жазасына кесілген сотталушылар бір адамдық камерада және оларға күшейтілген күзет қамтамасыз етілген. Сотталушы қатаң шартпен қамауда.
«Күлекбаевтың тәртібі теріс пиғылды, ол бірнеше рет тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бірінші күннен бастап, депрессиялық және стрессті басу үшін және жазасын өтеуге бейімделу үшін сотталушыға психологиялық көмек көрсетіліп келеді. Қашуға бейім, күзетшілерге шабуыл жасау, суидцидке бару және кепілге адам алу бойынша профилактикалық есепте тұр. Аффект жағдайында кез келген әрекетке баруы мүмкін», - дейді ҚАЖК мамандары.
ҚАЖК өкілдері, діни тақырыпта жұмыстар істеліп жатқанына қарамастан (жыл басынан бері имаммен және теологпен 20 рет кездескен), ол өзінің радикал ұстанымынан айығар емес. Сонымен қатар, комитет мәліметінше, оның тарапынан діни көзқарасты насихаттау байқалмаған.
Еске салайық, 2016 жылы 18-шілдеде Алматыда террористік акт болған еді. Руслан Күлекбаев Алмалы аудандық ІІБ мен ҰҚК департаментіне қарулы шабуыл жасады. Атыс салдарынан 10 адам қаза тапты. 2-қарашада Алматыда Руслан Күлекбаевқа өлім жазасына кесілуі және мүлкі тәркіленуі туралы үкім шығарылды.
Дереккөз: kaz.tengrinews.kz