Тікелей эфирде «Ораза айт – ұлық мереке» бағдарламасы өтті (ФОТО+ВИДЕО)
Бүгін исі мұсылман баласының ерекше екі мерекесінің бірі Ораза айт мейрамына орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы көпшілік назарына насихаттық онлайн бағдарламасын ұсынды.
«Ораза айт – ұлық мереке» деген тақырыпта бір жарым сағатқа созылған тікелей эфир ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының мұсылман қауымын Ораза айт мерекесімен құттықтауымен басталды.
Бұдан бөлек, Дихан Қамзабекұлы, Әлихан Байменов сынды ел ағалары мерекелік лебізін білдіріп, Қазақ елін ұлық мерекемен құттықтады.
Тікелей эфир кезінде ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы айттың шығу тарихына тоқталса, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы айттың шариғаттағы орны жайлы ой қозғады. Әсіресе, карантинге байланысты айт намазының оқылмайтынын, үйде жеке дұха намазын оқып, дұға тілеу жөнінде айтып, толығырақ түсіндіріп өтті.
Сондай-ақ, дәл осы дұха намазының оқылу үлгісін «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов көрсетіп берсе, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров «Карантин жағдайында айт мерекесін қалай өткізуі керек?» деген сұраққа толыққанды жауап берді.
Насихаттық бағдарлама барысында «Рамазандағы мұң», «Қош бол, Рамазан» бейнероликтері де көрсетілді.
Баршаңызды Ораза айт мерекесімен құттықтап, шаңырақтарыңызға шаттық, отбасыларыңызға амандық пен береке тілейміз! Рамазаннан рамазанға, айттан айтқа аман-есен жете берейік!
Дереккөз: muftyat.kz