ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫ МҮФТИЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ҮШІНШІ ОТЫРЫСЫ БАСТАЛДЫ (ФОТО)

19 қазан 2022 2403 0
Оқу режимі

Бүгін Баку қаласында Түркі мемлекеттері ұйымы мүфтилер Кеңесінің үшінші отырысы басталды.

Алқалы жиынға Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Шейх-уль Ислам Аллашүкір Паша-Заде, Түркия Дін Істері басқармасының басшысы Әли Ербаш, Өзбекстан мұсылмандары басқармасының төрағасы Нуриддин Холиқназаров, Түрікменстанның Бас мүфтиі Ялкап Ходжагулыев қатысты.

Ең алдымен Құран аяттары оқылып, дұға жасалды. Жиында алғы сөзді алған Бағдат Әміреев қазіргі таңдағы Түркі мұсылмандарының ортақ идеяға ойысуын сәтті қадам деп атады. Бұл ретте Түркі мемлекеттері ұйымы Кеңеске жан-жақты қолдау көрсететін жеткізді. Ал Аллашүкір Паша-Заде өз кезегінде мүфтилер кеңесінің жұмысын барынша жандындыру қажеттігіне тоқталып, достық, бауырлас байланыстарды нығайта түсуді қалайтынын білдірді.

Кеңес отырысында сөз алған ҚМДБ Төрағасы Түркі елдерінің діни, рухани және мәдени мұраларын дамыту, жат ағымнан сақтану, түркі дүниесіне ортақ Қорқыт ата, Ясауи, Мәуләна, Нәуәуи, Бұхари, Физули, Манас мұраларын дәріптеу, оны халыққа жеткізу мәселелерін баса айтты. Сонымен қатар діни оқу-ағарту саласы бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру, жаһандық сын-қатерге жауап беруде мұсылман үмбетінің өзара ынтымағын арттыру жайын ортаға салды.

Кездесуде сөз алған Түркия Дін істері басқармасының басшысы Әли Ербаш қазіргі жойылып бара жатқан ұлттық құндылық, текті сақтау, тәрбие, Ислам үмбетінің өзара бірлігі, Түркі мемлекеттері арасынан ислам ғұламаларын шығару жайына тоқталса, жиынға алғаш қатысқан түркімен тарапы барлық бастамаларды қолдайтынын және Кеңес отырысының әр кездесуі маңызды екенін айқындап өтті.

Жиынды қорытындылаған қабылдаушы тарапқа жауапты Аллашүкір Паша-Заде айтылған ұсыныстар ескеріліп, діни мерекелерді бір уақытта атап өту, пәтуа беруде біржақты ұстаным таныту, түркі елдерінің өзара ынтымағын арттыру мәселесінде бірлікте жұмыс істеуге шақырды.

Айта кетейік, ТМҰ мүфтилер Кеңесінің келесі отырысы 2023 жылы Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтеді деп келісілді.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру