«УАҚЫП» ҚОРЫ 234 377 ОТБАСЫҒА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАДЫ

11 қыркүйек 2022 3147 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған «Уақып» қайырымдылық қоры 234 377 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетті. Бұл туралы «Уақып» қорының басқарма төрағасы Ардақ Оразбаев айтты.

Елордада өткен кеңейтілген Орталық аппарат жиналысында Ардақ Нүсіпханұлы «Уақып және қайырымдылық» бағытында қаңтар-тамыз айларының есебін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына баяндады.

«Уақып» қорының жұмысын жетілдіру мақсатында еліміздің әр аймағында семинар-тренингтер ұйымдастырылуда. Биыл waqf.kz сайты ашылып, әлеуметтік желілерде де жүйелі түрде насихатталып келеді. Соның нәтижесінде жамағат арасында үйін, саяжайын, тіпті ата-анасының атынан құдық қазып уақып етіп жатқандар кездеседі.

Жуырда ғана «Уақып» қорының ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласында «Хусамуддин әс-Сығанақи атындағы ислам институты» жеке мекемесі ашылды. Сондай-ақ елімізде ҚМДБ-ға қарасты 30-ға жуық қайырымдылық мекемесі бар. Бұл мекемелерде 32 ұстаз қызмет етсе, 813 бала құран жаттап, дәріс алуда. Ал «RUHANYAT» сауда орындарының жобасы нәтижесінде облыстардағы мешіттер жанынан 4 дүкендер желісі ашылғалы жатыр. Бұл сауда орындарынан түскен әрбір пайда Алла жолында қайырымдылыққа жұмсалады және оған кез келген адам үлесін қоса алады, яғни уақып жасай алады» деді қордың басқарма төрағасы.

Сондай-ақ Ардақ Нүсіпханұлы «Зекет және қайырымдылық» қоры мен «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет орталығының жұмыс есебін де баяндап өтті.

«Биыл «Зекет және қайырымдылық» қоры «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 83 мұқтаж отбасының баспаналы болуына себепкер болса, «Уақып» қорымен бірлесіп Рамазан айында 912 197 адамға ауызашар берді. «ҚМДБ гранты» аясында «Нұр-Мүбарак» университетінде білім алып жатқан 59 студенттің оқу ақысы төленді. Еліміз бойынша 382 956 қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылып, 1 345 829 адамға көмек берілді.

«Qamqor Sharapat» салттық қызмет орталығына қарасты 28 мәйітхана жұмыс істеп тұр. Мәйіттерді жуындыратын 185 қызметшілер (ер,әйел) жасақталды. Қабір қазатын 49 бригада, мешіттерге тиесілі 9 мәйіт тасымалдайтын арнайы катафалка көліктері мен 3 127 табыт бар. Өңірлердегі зираттардың ішінен арнайы жер-секторлар бөлінуде. Орталыққа бөлінген орындарға «Зират және зиярат» концептуалды құжаты негізінде 436 мәйіт жерленді» деді ол.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру