«Уақып» қорының онлайн семинары өтті (ФОТО

08 маусым 2022 3877 0
Оқу режимі

2022 жылға арналған кеңейтілген Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ биыл жеті бағытқа, соның ішінде «Уақып және қайырымдылық» бағытына басымдық беретінін атап өткен болатын. Осы орайда «Уақып» қорының басқарма төрағасы Ардақ Нүсіпханұлының жетекшілігімен республикалық онлайн семинар өтті. 

Семинарға еліміздің барлық аудандары мен қалаларындағы «Уақып» қорының өкілдері қатысты. Жиында қордың жобалары талқыланып, өңірлердегі өкілдерге нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, кәсіпкерлермен біріккен қайырымдылық жасауға арналған жоба туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Осыған сәйкес «Уақып» өкілдері кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіп, «Уақып» қорымен бірлескен қайырымдылық қызмет туралы меморандум орнатуы қажет.

Сондай-ақ «Уақып» өкілдеріне мешіттердің жанынан «Уақып» қорының «RUHANYAT» атты дүкенін ашып, кәсіпкерлермен келіссөз жүргізу жүктелді. Жоба аясында өкілдерге уақып жасауды насихаттау мақсатында мешіт ауласынан дүкен ашқысы келген кәсіпкерлермен серіктескен түрде жұмыс атқару туралы нұсқаулар берілді. Сонымен қатар «Уақып» қорына қарасты «QAMQOR-SHARAPAT» орталығының мақсаты, құндылықтары, жоспарлары түсіндірілді. Ел аумағында жерлеу рәсімдеріндегі ысырапты жою жайы сөз етілді. Сондай-ақ жерлеу рәсімі мен уақып садақасын байланыстыра отырып жұмыс атқарудың үлгілері берілді.

Жиын соңында «QAMQOR-SHARAPAT» орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы семинарға қатысушыларға алғысын айта келе, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының аталған орталықтың жұмысын республика бойынша жандандыру туралы тапсырмасы негізінде өкілдіктерге нақты тапсырмалар берілгенін алға тартты. Орталықтың жұмысы өңірлерде кеңінен насихатталып жатқанын, нәтижесінде еліміз бойынша мешіт қызметкерлерінен орталықтың мамандары іріктеліп, әр өңірден жаназа және жерлеу рәсімін атқаратын мамандар жасақталғанын атап өтті. Сонымен қатар зираттар ішінен жерлер рәсімдеу, қалалық, аудандағы орталық мешіттер жанынан мәйітханалар ашу жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.

Айта кетейік, уақып – сарқылмайтын сауап, яғни адам қайтыс болса да артынан тоқтамай сауап барып тұратын амал. Уақып қылудың бірнеше жолы бар: мешіт, медресе салу, Құран сыйлау, оқу ақысын төлеу, тұрғын үймен қамту, көпір салу, құдық қазу, бау-бақша егу т.б.

Пікірлер Кіру