Үшінші күннің нәтижесі: РАНТ мүшелері 1862 адамды қамтыған 26 іс-шараға қатысты (ФОТО)

17 қыркүйек 2021 3527 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған жұмыс тобы Атырау облысына жасаған сапардың үшінші күні 1862 адамды қамтыған 26 іс-шараға қатысты.

Алдымен Бас мүфти Атырау қаласының іргесінде орналасқан Береке ауылында «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық акциясы аясында 453, 454 және 455-баспана кілтін дін саласының жас ұстаздары мен имамдарына табыс етті.

Бұдан кейін облыс орталығынан шалғайда орналасқан Құрманғазы ауданына арнайы барып, Мәдениет үйінде өлке тұрғындарымен, ал «Темірәлі» мешітінде жамағатпен жүздесті. Сондай-ақ Наурызбай қажы Тағанұлы деструктивті діни ағымда болған азаматпен нүктелі кездесу өткізіп, жеке түсіндіру жұмысын жүргізді. Одан кейін облыстық «Атырау» телеарнасына сұхбат берді.

Сонымен қатар ҚМДБ бөлім меңгерушілері мен РАНТ мүшелері Атырау өңірінің облыстық, қалалық және аудандық мешіттерінде уағыз-насихат жұмыстарын жүргізді. Мәселен ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров «Сұлтан Бейбарыс» мешітінде «Тура жолда берік болу» тақырыбында 50 адамға уағыз айтса, Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Қанат Алшынбаевтың «Истиғфар» айту» тақырыбында «Құспан молла» қалалық мешітінде өткен уағыз-насихатына 200 адам қатысты.

РАНТ мүшесі Хамзат Әділбеков Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында жергілікті жамағатпен жүздесіп, отбасы тақырыбында уағыз айтты. Одан бөлек аудандық «Бәйтерек» мешітінде 50 адамға дінге қызмет етудің түрлерін баяндап берді.

Көпке танымал ұстаз, РАНТ мүшесі Арман Қуанышбаев облыстық «Иманғали» мешітінде «Фиқһ ілімінің әдістемесі» тақырыбында дәріс өткізсе, жастармен арнайы кездесіп, жат ағымның зияны жөнінде уағыз айтып, сұрақтарға жауап берді. Ол «Әт-тақуа» мешітінде «Отбасындағы құлшылық» тақырыбында уағыз айтса, «Мұсылманның өзге дін өкілімен қарым-қатынасы» тақырыбында «Munara TV» арнасына сұхбат берді.

Жұмыс тобы құрамындағы ұстаз Ризабек Батталұлы Құрманғазы ауданының жамағатына, РАНТ мүшесі Ғазиз Ахмет Атырау облыстық «Иманғали» және Индер аудандық «Әйіп қажы» мешітінде уағыз айтты. Ал Ұлан Шарипов Атырау қалалық жұмыспен қамту орталығы мамандарына жат ағымның белгілерін айтса, Махамбет аудандық «Махамбет-Исатай» мешітінде жамағатқа «Алланың нығметтері» тақырыбында уағыз жүргізді.

Атырау облыстық Әділет басқармасында Амантай Садиев теріс ағымдардан сақтану жолдарын баяндаса, жергілікті «Дина» базарында орналасқан намазханада саудагерлерге арнайы «Имам Мұхаммедтің саудадағы үкімдері» тақырыбында уағыз айтты. Сонымен қатар «Қажымұқан Мұңайтпасов» мешітінде «Қоғамға зиянын тигізбеу – момындардың белгісі» тақырыбында 250 адамға насихатын жеткізді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру