ҮЙІ ӨРТТЕН ЗАРДАП ШЕККЕН АҚСАҚАЛҒА ҚАРЖЫЛАЙ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ (ФОТО)
Естеріңізде болса Астана қаласында тұратын мешіт жамағаты Амангелді Дәріпбекұлы есімді ақсақалымыздың тілсіз жау себепті баспанасынан айырылғанын хабарлаған едік. Алланың қалауымен басына түскен осы бір сынақ көп уақыт өтпей өз қайырын берді. Жамағат пен жомарт жандар көмегімен ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруы негізінде қаражат жиналып, атамызға үйін қалпына келтіруі үшін көмек берілген болатын. Астана қаласы өкілдігі де осы бір сауапты істе шет қалған жоқ.
Міне, енді арадан аздаған уақыт өтіп, қала бас имамы Ерболат Жүсіпов бастаған «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұжымы ақсақалдың қайта көңілін сұрай барды. Зор қуанышпен қарсы алған атамыз ақ дастархан жайып, оның айналасында игі тілектер айтылды.
Қазіргі уақытта ақсақалымыздың шаңырағы біршама қалыпқа келіп қалған. Одан әрі үй ішіне көрік беріп тұрсын деген ниетпен діни кәдесый беріліп, арнайы қаржылай көмек те табысталды. Баспанасын енді ғана тіктеп келе жатқан ақсақал тұрмыстағы «жыртығына» жамау болар көмекке шын алғысын айтып, дән ризашылығын білдірді.
Ізгі басқосу соңында Құран аяттарымен дұға жасалып, Астана имамдары атамыздың шаңырағына мол береке, қуаныш пен рухани шаттық тіледі. Ақсақал дін қызметкерлерін шығарып сала отырып өз алғысын жеткізді.