«ZAM-ZAM QAZAQSTAN» ТУРИСТІК КОМПАНИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ МӘЛІМДЕМЕ

02 шілде 2023 2643 0
Оқу режимі

«Zam-Zam Qazaqstan» (заңды атауы – «Zam Zam store») компаниясының жалған құжат рәсімдеп, қажыларды заңсыз жолмен Сауд Арабиясына апарып, жерлестерімізге жәбір көрсеткен әрекеті қоғамның назарын аударды.

Алайда «Zam-Zam Qazaqstan» компаниясының жетекшісі Данияр Илиев өзінің шариғатқа және заңға қайшы әрекетін мойындамай, мүфтиятқа жала жабумен шектелуде.

Ол «31 арна» телеарнасының «50/50» әлеуметтік ток-шоуының 2023 жылғы 29 маусым күнгі эфиріне берген сұхбатында ешқандай дәлелсіз, сөз жауапкершілігін сезінбей «мүфтият турфирмалардан әр қажы үшін 500 доллар пара алады» деген мазмұнда ауыр жала жабуда. Мүфтият бұл ақпараттың жалған екендігін және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚРЗ кодексінің 73-3 (жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер тарату, көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет) «Жала жабу» бабына сәйкес Д.Илиевтің үстінен сотқа шағым түсіретінін хабарлайды.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары қажыларды осыған дейін алдап, далада қалдырған аталған компанияның заңсыз әрекеттеріне тез арада назар аударып, заң бұзушыларды құқықтық жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шаралар қолданады деп сенеміз.

Қазақстан азаматтарын алдағы жылдары осы секілді алаяқтардың тұзағына түсіп қалмас үшін, қажылық конкурсынан өткен, яғни қажылық сапарын ұйымдастыруға қабілетті деп танылған, мүфтият жариялаған тізімге сай туроператорлар қызметіне жүгіну қажеттігін тағы да қаперге саламыз.

 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы  

Пікірлер Кіру