«Зекет және қайырымдылық» қоры 500 балаға автоорындық үлестірді (ФОТО)

04 наурыз 2022 3056 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйытқы болуымен «Бала қауіпсіздігі – басты міндет» деп аталатын акция аясында 500 балаға автоорындық таратылды. Ізгі шараға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, жылы лебізін білдірді. 

Бас мүфти: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы осы жылды «Балалар жылы» деп бекітті. Президентіміз бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек екенін айтты. Біз де өз тарапымыздан осы жылдың аясында балаларға қамқорлық көрсетуді бастап кеттік. Өздеріңізге белгілі «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» деп аталатын жобасы бар. Сол жоба аясында қаншама ата-ана, сол үйдегі қаншама бүлдіршін қуанышқа кенелді. Бүгінгі жобамыздың жөні бөлек. Балалардың қауіпсіздігі басты орында. Сәбилер ауырмасын, өмірі ұзақ болсын! Өскелең ұрпақ қауіпсіз, бейбіт мекенде өсіп, болашағы жарқын болсын», – деп ақжарма тілегін арнады.

Қор директоры Қанат Қыдырминнің айтуынша, заманауи автоорындықтарды зекет қызметкерлері полиция басқармасымен біріге отырып, балабақшаларға үлестірді.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру