Жамбылдық өнертапқыш мүгедектерге ыңғайлы велосипед түрін жасады
Жамбыл облысы Меркі ауданының жас өнертапқышы Медет Әлімжанов мүмкіндігі шектеулі жандар үшін велосипедтерден құрастырылған «Қолғанат» коллекциясын жасап шығарды.
«Аудан орталығында әрдайым мүгедектер арбасындағы апаны бір атаның жаяу алып жүретінін көретінмін. Жаңбырлы күндердің бірінде сол кісілерді жол бойынан кезіктіріп, бірден тоқтап, межелі жеріне алып баруға ниет таныттым. Дегенмен апа көлікке мінуден бас тартты. Атадан сұрап, олардың орталықтан 4-5 шақырымдай қашықтау жерде тұратынын білдім. Осы жағдайдан кейін мен мүгедектер арбасын алып жүруге ыңғайлы велосипед түрін жасауды ойластыра бастадым. Сөйтіп, баламды балабақшаға алып баруға арнайы құрастырған үш доңғалақты велосипедімді мүгедектер арбасына ыңғайластыру жолдарына кірістім», - дейді ол.
Сөйтіп Медет үш доңғалақты велосипедінің рулін алып тастап, арбаның артқы жақтауына оңай ілінетіндей етіп қайта құрастырып шыққан. Айта кетерлігі, оның туындысы кез келген арбаға емін-еркін орнатыла береді. Жалпы, кәдуілгі велосипедтің доңғалағы, педалі мен айналмалы шынжыры ғана қалыпты. Қалған бөліктерінің барлығын Медет арбаны тізгіндеуші адамға ыңғайлы етіп құрастыра білген. Тағы бір ерекшелігі, межелеген жерге жеткен соң велосипед арбадан оңай ажыратылады, яғни алып жүруге ыңғайлы.
«Мұны жасаудағы мақсатым - мүгедектерге арналған арбаны алып жүретін қамқоршылардың жұмысын жеңілдету. Себебі көп жерде инво-таксилер жүре бермейді. Сондықтан елді мекендер арасында мұнымен жүру өте ыңғайлы әрі тебу жеңіл»,- дейді жас өнертапқыш.
Медетке жаңа құрылғыны жасап шығуына бар-жоғы 4-5-ақ күн уақыт кетіпті. Ал шығыны 40 мың теңгені құраған. Бұл қаржыға қажетті темір-терсектерді сатып алған. Толықтай құрастырып шыққаннан кейін ол өз туындысын алдымен аудандағы мүмкіндігі шектеулі балалар үйіне барып сынақтан өткізіп көріпті. Ондағылардың барлығының көңілінен толықтай шыққаны оның талабына қанат бітіріпті. Алдағы уақытта өнертапқыш осындай велосипедті көптеп құрастыруды жоспарлап отыр.
Дереккөз: Қазақпарат