Жастар форумының үндеуі қабылданды (ФОТО)

15 наурыз 2022 3654 0
Оқу режимі

«Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» жылы аясында өткізілген «Жалынды жастар ынтымағы» республикалық жастар форумының қорытындысы бойынша арнайы үндеу қабылданды. Үндеуді ҚМДБ Жастар ісі секторының меңгерушісі Әділет Көпен оқып берді.

«Біз, «Жалынды жастар ынтымағы» республикалық жастар форумына қатысушылар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2022 жылды «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» жылы деп жариялаған бастамасын қолдаймыз және жас буын өкілдерін толыққанды, сапалы, бәсекеге қабілетті білім алып, ел игілігі үшін қызмет етуге, сонымен қатар деструктивті діни ағымдардың идеологиясынан сақтануға шақырамыз.

Азаматтардың, әсіресе жастардың әлеуметтік-қоғамдық өмірге белсенді араласуы, сондай-ақ олардың ортақ мақсатқа жету жолында күш біріктіруі – өркендеу мен өзгерістердің маңызды факторы деп білеміз. Біз, форум делегаттары, жастарды қоғамда дәстүрлі құндылықтарды насихаттауға, дініміз бен салтымыз тыйым салған жаман әдеттерден, хәкім Абай айтқан бес нәрсеге асық, бес нәрседен қашық болуға үндейміз. Өйткені өсек-өтірік айту, мақтаншақ, еріншек болу, бекер мал шашу – адам баласын аздыратын жаман әдеттер. 

Қорыта айтқанда, кез-келген мемлекеттің жарқын болашағы мен кемелденуі жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім деңгейі мен тәжірибесіне тікелей байланысты. Сондықтан қазіргі таңда жастардың рухани-танымдық тәрбиесін, жан-жақты сауаттылығын арттырудың маңызы үлкен. Заманға сай білім алуды, дәстүрлі құндылықтарды сақтауды жадымыздан шығармайық» делінген үндеуде.

Айта кетейік, жастар форумында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов, «AMANAT» партиясы жанындағы Жастар қанатының жетекшісі Нұржан Жетпісбаев, «Qazaqstan team» жастар ұйымының басшысы Олжас Сүлейменов, абайтанушы, «4 Даму» жобасының авторы Ернат Мелсұлы т.б белсенді жастар баяндама жасады.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру