АЛЛА ТАҒАЛА СИПАТТАРЫ

Алла Тағалаға иман келтірген мұсылман баласы Оны көркем сипаттары арқылы тануға тиіс. Ұлы Жаратушыны тану дәрежесіне қарай адамның Оған деген махаббаты артып, үміті мен қорқуы күшейе түседі. Оны таныған сайын иманы күшейеді. Ұлы Жаратушысына деген жақындығын сезініп, тақуалығы мен тәуекелі арта түседі. Ұлы Иесін жеткілікті түрде таныған адам ғана күнә атаулыдан бойын мейлінше алыс үстап, түрлі күдікті ойлардан аулақ жүреді. Адам ақылы Ұлы Алланы толық танып, біле алмайды. Өйткені, адам шектеулі, ал Ол – шексіз. Деcек те, Оны Құранда әрі хадистерде айтылған сипаттары арқылы танып-білуге міндеттіміз.

Ұлы Алла бар әрі бір және барлық кемел сипаттардың шынайы иесі. Оған тек қана кемел сипаттар тән. Нұқсан сипаттардан Ұлы Иеміз пәк. Алла Тағаланың сипаттары сәлби және субути болып екіге бөлінеді.

Сәлби сипаттары. Бұл сипаттар тек қана Алла Тағалаға тиесілі, Одан басқа ешкім бұл сипаттармен сипатталмайды. Сәлби сипаттар – бесеу.

1. Әл-Қидам.

Алла Тағаланың бар болуының бастауы жоқ деген мағынаны білдіреді. Бұл сипат Алла Тағаланың әзәли екендігін, яғни Ұлы Иеміздің барлығының алдында ешқашан жоқтық болмағандығын білдіреді. Оның бар болмаған ешбір заман, уақыт, тіпті, бір мезет жоқ. Заман, уақыт деген ұғымды Ол өзі жаратқан. Өйткені, Алладан басқаның бәрі кейіннен пайда болып, Оның шексіз құдіреті мен бөгетсіз қалауы арқылы тіршілік бетіне шыққан. Иә, Алла Тағаланың бар болуының бастауы жоқ. Керісінше, Ол – кейіннен жаратылған барлық жаратылыстың жалғыз бастауы. Қидам сипатына қайшы мағынада келетін «худус» сипаты, яғни, кейіннен пайда болу – Ұлы Жаратушы үшін әсте мүмкін емес.

2. Әл-Бәқаа.

Бар болуының соңы, ақыры жоқ – мәңгі деген мағынаны білдіреді. Бұл сипат – Алла Тағаланың мәңгі екендігінің, яғни, бар болуының соңы, ақыры жоқ екендігін білдіретін сипат. Алла Тағала әзәли яғни, барлығының бастауы болғаны секілді соңы да жоқ мәңгі. Барлық жаратылыстың белгілі бір уақыттан кейін жоқ болып, көз алдымыздан кетуі – оларды жоқ еткен Ұлы Жаратушымыздың мәңгілігінің белгісі.

3. Әл-Уәхдания.

Бұл сипат «біреу, жалғыз, дара» деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала затында, барлық сипаттары мен істерінде жалғыз, біреу. Оның ортағы, серігі, теңдесі жоқ. Ұлы Алла көбеюден, азаюдан, бірігуден, бөлінуден, ажыраудан пәк. Өйткені, бұның бәрі – кейіннен жаратылғандардың ерекшеліктері. Алла Тағала бұндай нұқсан, кемшілік сипаттардан пәк әрі жоғары.

4. Әл-Мухалафатул лилхауадис.

Кейіннен пайда болғандарға еш ұқсамау деген мағынаны білдіреді. Бұл сипат – Алла Тағаланың кейіннен жаратылғандардың ешқайсысына мүлдем ұқсамайтындығын немесе ешбір нәрсенің Оған ұқсамайтындығын білдіретін сипат.Ұлы Жаратушыдан басқаның бәрі кейіннен пайда болған. Міне, Алла Тағала осы кейіннен пайда болғандардың ешқайсысына ұқсамайды. Әрі олардан бөлек, өзгеше. Өйткені, барлық нәрсе Алла тарапынан кейіннен жаратылған. Ал, жаратылған нәрсе дене, түр, уақыт, мекен сияқты ерекшеліктерге тәуелді болғандықтан үнемі өзгереді, ауысады және бір-біріне ұқсайды. Соңында бәрі жоқтыққа, пәнилікке бас иеді.

5. Қиям би нәфсиһи.

Бар болу үшін басқа біреуге мұқтаж болмау деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала бар болу үшін басқа бір жаратушыға немесе белгілі бір мекенге, арнайы бір уақытқа, жалпы себепке мұқтаж емес. Егер Алла да бар болуы үшін басқа бір себепке мұқтаж болса, жаратушы емес жаратылған болар еді. Ал, Хақ Тағаланың жаратушы һәм жаратылған болуы ақылға теріс. Алланың бар болуы сырттан басқа бір күштің жаратуы арқылы емес. Өйткені, Оның барлығының бастауы жоқ, яғни, кейіннен пайда болмаған − Әзәли.

Субути сипаттары. Субути сипаттар сегіз. Олар мыналар:

1. «Хаят» сипаты тірі болу деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала тірі әрі тірілігі мәңгі. Әр нәрсеге, өлі топыраққа, жалпы жаратылысқа жан беріп, тіршілік иесі еткен Алла екені сөзсіз. Бұл сипат Ұлы Алладан бір мезет болса да ажырамайды. Өйткені, Оның кемелдігі тек қана мәңгі тірі болу арқылы жүзеге асады. Алла Тағаланың Тірі болу сипаты Ілім, Қалау, Құдірет және басқа сипаттарымен тікелей байланысты. Өйткені, тірі болмағанның бір нәрсені білуден, қалаудан және жаратудан мақұрым қалатыны айтпаса да түсінікті.

2. «Ілім» сипаты білу деген мағынаны білдіреді. Ұлы Алланың ілімі жаратылғандардың ілімі секілді таяз, шектеулі әрі кейіннен жиналған емес. Оның ілімі шексіз, еш құралды қажет етпейді және барлық нәрсені қамтитындай өлшеусіз. Иә, Алла Тағала – әр нәрсені білуші. Ол жарияны білгені секілді құпияны да біледі. Барлық өткен заманды толық білгені секілді келешекті де біледі. Жердің астындағыны білгені сияқты көктегіні де біледі. Көзге көрінетінді білгені сияқты көрінбей жасырын қалғанды да біледі. Барлық болып-кеткенді білгені тәрізді бүкіл болатынды да біледі. Себебі, оның ілімі кейіннен үйрену, оқу арқылы пайда болмаған. Оның ілімінің бастауы жоқ – әзәли. Міне, сондықтан Оның ілімі үшін үлкен мен кішіні, жария мен құпия арасында еш айырмашылық жоқ. Оның ілімінен ешбір нәрсе тыс қалмайды.

3. «Сәмғ» сипаты есту дегенді білдіреді. Ұлы Иеміздің естіп, білуі жаратылғандардікі сияқты шекті, нұқсан әрі себеп-құрал, дәнекерге мұқтаж емес. Иә, Алла Тағала әр нәрсені естіп біледі. Оның бір нәрсені естуі басқа нәрселерді естуіне бөгет емес. Өйткені, Алланың бұл сипаты кейіннен пайда болмаған. Алла Тағаланың естуі жаратылғандардың естуіне мүлдем ұқсамайды. Себебі, жаратылғандардың естуі кейбір ағзалардың, құралдардың көмегі арқылы жүзеге асады. Ал, Алла Тағала ешбір құралға, ешбір себепке тәуелді емес. Міне, сондықтан ең жасырын, ең құпия дыбыстар да Оның естуінен тыс қалмайды.Алла Тағаланың өзіне жалбарынған құлдарының жасырын және құпия әр түрлі зікірлерін, дұға-мінәжаттарын қабыл етіп, хикметіне сай мұқтаждықтарын қамтамасыз етуі – Оның әр нәрсені толық еститіндігінің дәлелі.

4. «Басар» сипаты көру деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала өзінің ұлылығына әрі шексіздігіне лайық дәрежеде көру сипатымен сипатталады. Ұлы Алла Тағала әр нәрсені кемел түрде еш нәрсенің көмегінсіз, ешбір құрал-жабдықсыз біліп, еститіні секілді әр нәрсені еш кемшіліксіз, еш нәрсенің көмегінсіз көреді. Оның ілімі және естуі шексіз болғаны секілді көруі де шексіз. Оның бір нәрсені көруі басқа нәрселерді көруіне бөгет емес. Оның көруінен ең кішкентай атом да, басқа да тыс қалмайды. Оның назарында жасырын мен құпия, жарық пен қараңғы, алыс пен жақын, үлкен мен кішінің арасында ешбір айырмашылық жоқ.

5. «Ирадә» сипатықалау деген мағынаны білдіреді. Ұлы Алланың қалауы әзәли және еш бөгетсіз. Қалағаны еш күмәнсіз орындалады. Қаламаған нәрсесін күллі әлем жиналып іске асырмақ болса да, жүзеге аспайды. Оның қалауына ешкім тосқауыл бола алмайды.Жоқтықтан тіршілік әлеміне шығарылған сансыз жаратылыстың миллиондаған түр-тұрпат, түстерге бөлініп, әр түрдің өзіне тән ерекшеліктерге ие болуы – Оның еш бөгетсіз қалауының дәлелі. Жаппар Иеміз хикметіне орай қалағанын қалаған түрде, қалаған уақытында жаратады. Және қалағанын қалаған уақытта өзгертіп, қалаған уақытта жоқ етеді. Қалағанына байлық беріп, қалағанына кедейлік шапанын кигізеді. Қалағанының дәрежесін көтеріп, қалағанының абыройын айрандай төгіп, төмен түсіреді.

6. «Құдірет» сипаты күш-қуат деген мағынаны білдіреді. Ұлы Жаратушымыз – шексіз және мәңгі құдірет иесі. Қаласа күллі әлемді бір мезетте бар етіп, бір сәтте жоқ етеді. Оның құдіреті кейіннен пайда болмаған, яғни, бастауы жоқ әрі мәңгі. Оның шексіз құдіреті үшін кішкентай атомды жаратуымен сансыз галактикаларды, ондағы сансыз жұлдыздарды жарату оңайлық жағынан бірдей. Сондықтан көк жүзіндегі барлық Күн, Ай, басқа да ұшы-қиыры жоқ жұлдыздар, жердегі жалпы жаратылыс – Оның құдіретіне бас иіп, еш ақау-кемшіліксіз мына таңғажайып үйлесімді жүйені бұзбай әрекет етуде.

7. «Кәлам» сипаты сөйлеу деген мағынаны білдіреді. Ұлы жаратушымыз Алла Тағала сөйлеу сипатына ежелден ие. Оның кәлам сипаты кейіннен пайда болмаған және әр түрлі әріп, дыбыстарға мұқтаж емес. Алла Тағала сөзін Өзінің ұлылығына лайық түрде періштелеріне естіртіп жеткізеді. Ұлы Жаратушымыздан түскен бүкіл кітаптар мен уахилер – осы сипаттың дәлелі әрі жердегі көрінісі.

8. «Тәкуин» сипаты жоқты бар етіп немесе бар нәрседен екінші бір нәрсені жарату деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала барлық әлемді және қалаған нәрсесін кемшіліксіз хикметіне орай бар етіп жаратуы тікелей осы сипатқа байланысты. Әлемдегі сансыз әрі сан алуан жаратылыс – осы сипаттың айқын дәлелі. Алланың «кун!», яғни «бол!» деген бұйрығы арқылы кез келген нәрсе әп-сәтте бар болады.