Әзілдеп өтірік айту күнә ма?

22 желтоқсан 2020 6661 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! «Ойының жарасса, атаңмен ойна» деп жатады. Әзілдескенде өтірік айту қаншалықты дұрыс? Қалжыңға өтірік қосуға бола ма? Әлде, бұл күнә ма?  


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Өтірік айту – үлкен күнә. Кез келген жағдайда мұсылман тек шындықты айтуға міндетті. Қалжың орынды және рас сөз болуы тиіс. Баһз бин Хаким әкесінен, ол өз әкесінен (р.а.): «Мен Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Адамдарды күлдіру үшін сөйлегенде өтірік айтатын кісінің соры құрысын. Соры құрсын, соры құрысын,-деп айтқанын естідім[1]», - деген риуаят жеткізген.

Әбу Һурайра (р.а.) «Пенде әзіл-қалжыңда өтірік сөйлесе және өзінікі дұрыс боп тұрса да дау-жанжалды доғармайынша толық иманды болмайды[2]», - деп риуаят етеді.

Имам Науаи: «Білгенің жөн, өтіріктің түбі харам болғанымен, кейбір жағдайда және белгілі шартпен рұқсат етіледі. Қысқаша айтқанда: Сөз мұрат-мақсатқа жетудің құралы. Әрбір игі мақсатқа өтіріксіз-ақ жетуге болса, ондай орында өтірік харам етіледі. Ал, тек өтірік айту арқылы ғана игі мақсат жүзеге асатын болса, онда рұқсат. Игі мақсат мубах амал болса, өтірік айту мухаб, ал уәжіп болса, өтірік айту уәжіп болмақ. Мәселенки, өлтірмек болған залымнан бір мұсылман жасырынса немесе адам қолындағы аманат затты залым күшпен алмақ болса, адамды және аманатты құтқару үшін өтірік айту міндет болмақ...»,-дейді.

Бұған дәлел ретінде ғалымдар Үмму Гүлсум (р.а.) риуаят еткен хадисті алға тартады. Хадисте: «Мен Алла елшісінің (с.ғ.с.): «адамдар арасын түзету (достастыру, жарастыру, татуластыру) үшін жақсылықты ұлғайту немесе жасы сөз айту үшін өтірік айтқан адам өтірікші емес»,-деген сөзін естідім[3]»,-делінген. Аталмыш хадис имам Муслим нұсқасында қосымша мынадай сөздер бар: «Үмму Гулсум: «Пайғамбар (с.ғ.с.) адамдар сөйлестін сөздерінің тек үшеуінде ғана (өтірікке) рұқсат берді, олар: соғыс жағдайында, адамдарды татуластыру және ер кісінің әйеліне, әйелдің күйеуіне айтқан сөздері»,-деп жазылған.

Түйін сөз, Ибн Масғуд (р.а.): «Ақиқатында, шындық (шын сөз) жақсылыққа, ал жақсылық жәннатқа жетелейді. Шын мәнінде, кісі шын сөйлеп Алла құзырында шыншыл боп жазылады. Анығында, жалған сөз (өтірік) жамандыққа (бұзықтыққа), ал жаман іс-әрекет тозаққа жол бастайды. Шын мәнінде, кісі өтірік  сөйлеп Алла құзырында өтірікші боп жазылады[4]»,-деп риуаят етеді.

Әзілдесуге және қалжыңдасуға тиым жоқ. Алайда, мұсылман ешбір жағдайда өтірік айтпауы қажет. Жазықсыз әзіл әңгімедегі өтірік сөз адамға үлкен зияны тиеді. Бұл мұсылманға жат әдет.

Руслан Камбаров


[1] Әбу Дауд, Тирмизи, Насаи, Байһақи
[2] Ахмед
[3] Бұхари, Муслим
[4] Бұхари, Муслим

 

Пікірлер Кіру