Айт намазынан бұрын орындалатын сауапты амалдар қандай?

10 мамыр 2021 7105 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Мұсылман баласы айт намазына бармас бұрын қандай ізгі амалдар істей алады? Сүннет амалдар бар ма?


Жауап

Уағалейкумассалам!

Бір ай бойы Алла разылығы үшін ішіп, жеуден өзін тыйған кісінің айт күні қуанышқа бөленетін күні. Отыз күн бойы оразасынан кейінгі үлкен бір «ауыз ашары» іспетті. Сондықтан, оны «Ғидуль Фитр» яғни «Ауыз ашар мейрамы» деп те атаған. Бұл күн уәжіп болған айт намазымен басталады. Айт намазынан бұрын мына әрекеттерді орындау сауапты:

1. Жуыну. Имам Мәликтің «әл-Муатта» атты хадис жинағында сахаба Абдулла ибн Омардың айт күні мешітке шықпай тұрып, жуынып алатындығы айтылады[2].

2. Хош иіс себініп, әдемі киім киіп шығу. Әзірет Омар базарда сатылып тұрған жібек киісті көріп Пайғамбарымызға: «Уа Алланың Елшісі! Мынаны сатып алсаңыз екен. Айт күндері және сырттан келген қонақтарға әдемі боп шығар едіңіз», - дегенде Ол (с.ғ.с.): «Бұл (жібек) киіс құдайдан үміті жоқтардың киісі» [3], - деп қабыл етпеді. Бұл хадиске ұңіліп қарасақ Пайғамбарымыздың заманында да айт намазына әсем киім кию үрдісі бар болғандығын байқаймыз.

3. Намазға бармастан бұрын үйінен дәм татып шығу. Бұл жайында сахаба Әнәс ибн Мәлик былай дейді: «Пайғамбарымыз айт күні бірнеше құрма жемей (мешітке) шықпайтын»[1].

4. Айт намазынан бұрын пітір садақасын беру. Өйткені Пайғамбарымыз пітір садақасын айт намазына шықпай тұрып беретін болған.

5. Айт намазына бара жатқан жолда іштей тәкбір тәшриқ айту: «Аллаху Акбар, Аллаху Акбар, ля Иляха илля-Ллах,уа-Ллаху Акбар, Аллаху Акбар уа ли-Лляхи-ль-хамд».

6. Мешітке келген кісі айт намазы оқылмай тұрып нәпіл намаз оқымайды[4]Сахаба Абдулла ибн Аббастың айтуы бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт күні тек екі ракағат айт намазын оқыды. Одан бұрын не одан кейін намаз оқымады[5]...

 

[1] Сахих Бухари, Китабуль ъидайн – 953.
[2] Әл-Муатта, Китабуль ъидайн – 428.
[3] Бухари, Китабуль Жиһад - 2889
[4] Хидая – 1/210-211 бет; Биная – 3/99 бет.
[5] Бухари, Китабуль ъидаин – 964.

Пікірлер Кіру