Шүкір сәждеcінде не айтамыз?
Ассаламу алейкум. Шүкір сәждесін жасау қалай болады екен? Ол сәждені жасағанда не деп айту керек?
Жауап
Уа алейкум ассалам. Шүкір сәждесі – адам қандай да бір қуанышқа кенелгенде немесе қиындықтан құтылғанда Алланы ұлықтап, Оған шүкірлік етіп жасайтын сәждесі. Бұл сәжденің үкімі – мұстахаб[1]. Бұл сәжде әдеттегі сәжде іспеттес жасалады, яғни дәретті күйде құбылаға қарап тәкбір келтіреді де, тікелей сәждеге барып белгілі зікірлерді айтады[2], сосын сәлем берместен қайта тұрып кетеді.
Сәжде аятында намаздағы сәждеде айтылатын зікірді айту – мұстахаб амал. Сол сияқты мына дұғаларды айту да мұстахаб:
- سَجَدَ وَجْهِي لِلَّذِي خَلَقَهُ، وَشَقَّ سَمْعَهُ وَبَصَرَهُ، بِحَوْلِهِ وَقُوَّتِهِ
(Сәжәдә уәжһи лилләзи халақаһу, уә шәққа самъаһу уә бәсараһу би хаулиһи уә қууатиһи)
Мағынасы: «Жүзім күш-қуатымен өзін жаратқан, құлағы мен көзін жасаған (Аллаға) сәжде етті»[3].
- سَجَدَ وَجْهِي لِلَّذِي خَلَقَهُ، وَشَقَّ سَمْعَهُ وَبَصَرَهُ، بِحَوْلِهِ وَقُوَّتِهِ فَتَبَارَكَ اللهُ أَحْسَنُ الْخَالِقِينَ
(Сәжәдә уәжһи лилләзи халақаһу, уә шәққа самъаһу уә бәсараһу би хаулиһи уә қууатиһи, фәтәбәракаЛлаһу Ахсанул-халиқин)
Мағынасы: «Жүзім күш-қуатымен өзін жаратқан, құлағы мен көзін жасаған (Аллаға) сәжде етті. Жаратушылардың шебері ұлы Алла»[4].
- اللَّهُمَّ اكْتُبْ لِي بِهَا عِنْدَكَ أَجْرًا، وَضَعْ عَنِّي بِهَا وِزْرًا، وَاجْعَلْهَا لِي عِنْدَكَ ذُخْرًا، وَتَقَبَّلْهَا مِنِّي كَمَا تَقَبَّلْتَهَا مِنْ عَبْدِكَ دَاوُدَ
(Аллаһумма-ктуб ли биһа ъиндака ажра, уа даъ ъанни биһа уизра, уажъалһа ли ъиндака зухра, уа тақаббалһа минни кәмә тақаббалтаһа мин ъабдика Дауд)
Мағынасы: «Уа, Алла! Бұнымен маған Өз тарапыңда сауап жаз, бұнымен менің күнәмді кешір, бұны маған өз тарапыңнан(қосымша) азық ет. Бұны менен құлың Дәуіттен (а.с.) қабыл көргеніңдей қабыл көр»[5].
Сонымен қатар, шүкірлік еткісі келген адам екі рәкәт сәжде намазын оқыса болады. Бұл намаз әдеттегі сүннет намаздары сынды оқылады.
Сәттілік иесі Алла ғана.
Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы