Алла кешірмейтін күнә бар ма?

27 қазан 2021 8118 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Алла Тағала кешірмейтін күнә бар ма?


Жауап

Жаратушы Иеміз Тағала шексіз рахым-мейірімімен пенделерінің түрлі күнәларын кешірсе де, Өзінен басқаға жалбарынып, одан қажетін сұрап, табынуды ешқашан да кешірмейді. Хақ Тағала мұны күллі адамзатқа Құран Кәрім аяттарында және Пайғамбары (с.ғ.с.) арқылы қатаң түрде ескертіп өткен. Мысалы, Ниса сүресінде Жаратқан Иеге ортақ қосудың ең үлкен кешірілмес күнә екендігі нақтылы түрде айтылған: «Шындығында Алла Өзіне серік қосқанды кешірмейді, ал одан басқаны (басқа күнәні) қалаған пендесіне кешіреді. Кімде-кім Аллаға серік қосса, ол қатты адасады»[1].

Алладан басқадан жәрдем сұрап, ғибадат дұғасын жасау немесе Жаратушыдан өзгенің күші жетпейтін нәрсені сұрау – мүшріктік амал, яғни Құдайға көпе-көрнеу серік қосу. Бұл туралы Алла Тағала Құран Кәрімде бүкіл иман келтіргендерді былайша ескерткен:
«Алламен бірге тәңір шақырма. Онда сен де азапқа ұшыраушылардан боласың»[2];
«Және де Алладан өзге саған пайда, зиян келтіре алмайтын нәрселерге жалбарынба. Егер оны істесең, онда күдіксіз сен залымдардан боласың»[3];
«Сендердің Алладан өзге шоқынғандарың сендерге де жәрдем ете алмайды әрі өздеріне де жәрдем ете алмайды»[4].

Алла Тағалаға дұға қылу, қалаған тілекті сұрау қандай да бір делдалдың, ортақтың еш қажеттігіні жоқ екендігі туралы қасиетті аяттарда тайға таңба басқандай айқын түрде баяндалған. «Егер құлдарым Мен туралы сенен сұраса, Мен өте жақынмын. Қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине, тура жол тапқан болар еді»[5].

Пайғамбар (с.ғ.с.) да өз хадистерінде қажетті бір Алладан сұрау керектігін баса айтқан. Дұға, медет тілеудің жай-жапсарын толық түсіндіріп өткен. Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Пайғамбардың (с.ғ.с.) артында келе жатқанда Ол (с.ғ.с.) маған: «Ей, балақай! Мен саған мына сөздерді үйретемін: Алланы сақта (яғни, жадыңнан шығарма), сонда Ол сені сақтайды. Алланы сақта, сонда оны алдыңнан табасың. Бірдеңе сұрасаң, Алладан сұра. Жәрдем тілесең, Алладан тіле. Бүкіл халық жиналып саған бір пайда келтірмек болса, тек Алла жазған нәрсені ғана келтіре алатындығын және олар саған бір зиян келтірмекке жиылса да, тек Алланың жазғанын ғана келтіре алатындығын білгейсің. Қаламдар көтерілді, парақтар кеуіп кетті (яғни, тағдыр тақтасына бәрі жазылды)»[6], – деді.

Негізінде өлілерге, жындарға қайырылып, солардан жәрдем сұрау дұға болып есептеледі. Ал дұға ету, шақыру – құлшылықтың бір түрі. Құлшылық тек бір Құдай Тағалаға ғана лайық. Ал басқаға құлшылық қылу ақиқатқа жала жабу, серік қосу болып табылады. Нұғман ибн Бәширдің (р.а.) айтуынша, Пайғамбар (с.ғ.с.): «Дұға – ғибадат», – деп, «Раббыларың: «Маған жалбарыныңдар! Тілектеріңді қабылдаймын» деген аятты оқыған[7].  

 


[1] Ниса, 116
[2] Шұғара, 213.
[3] Жүніс, 106-107
[4] Ағраф, 197
[5] Бақара, 186
[6] Тирмизи риуаяты.
[7] Ибн Мәже риуаяты.

Автор: Fatua.kz – ҚМДБ Шариғат және Пәтуа бөлімі

Пікірлер Кіру