Доңыз бен есектің еті не үшін харам етілді?
Доңыз бен есектің етін не үшін харам етті?Толығырақ айтып бересіз ба осы жөнінде
Жауап
Алла Тағала шошқа етінің харам екендігін Құранда былай баяндайды: «(Уа, Пайғамбар!): «Маған уахи етілгеннің ішінде азықтанған жанға өлік, аққан қан, шошқаның еті – өйткені ол лас нәрсе немесе Алладан өзге үшін шалынған пасықтықтан [малдан] басқа нәрсенің харам етілгенін таппадым» деп айт. Ал кім тыйымға қарсы шықпай әрі шектен аспай (харамды жеуге) мәжбүр болса, онда Раббың – Аса Кешірімді һәм Мейірбан!»[1].
Ал, есектің еті туралы Жәбірден (р.а.) жеткен риуаятта ол былай дейді: «Хайбарды алған күні Алла елшісі (с.ғ.с.) үй есегінің етін жеуге тыйым салып, жылқы етін жеуге рұқсат етті»[2].
Доңыз және есек етінің харам болуының негізгі себебі нәжістігінде, ластығында. Мұның өзі тыйым салуға жеткілікті. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Оларға жақсы нәрселерді халал етіп, лас нәрселерді харам ететін»[3].
Ибн Кәсир кейбір ғалымдардың сөзін жеткізіп былай дейді: «Алланың халал еткен нәрселерінің әрбірі жақсы саналады әрі ол адам баласының ағзасы мен дініне пайдалы. Ал әрбір харам еткен нәрсесі лас есептеледі әрі ол адам ағзасы мен дініне зиян келтіреді»[4].
Ендеше, шошқа мен есектің еті лас әрі адам ағзасына зиян болғандықтан харам етілген.
Алла толық білуші.
Автор: Fatua.kz – ҚМДБ Шариғат және Пәтуа бөлімі