Құрамында шошқа майы бар дәрілерді пайдалануға бола ма?

06 желтоқсан 2022 3413 0
Оқу режимі

Ассаламу алайкум! Құрамында шошқа майы бар немесе күмәнді дәрілерді қолдануға бола ма?


Жауап

Уа алейкум ассалам! Қазір көп дәрілерге доңыздың ағзаларынан алынатын ферменттер қосылады. Оның басты себебі, шошқаның ұйқы безінен алынатын панкреатин атты фермент (ыдыратушы катализатор) тамақтың тез қортылуына септігін тигізеді.

Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Емделіңдер, расында, Алла әрбір дертті шипасымен қоса түсірді»[1], – деп емделу керектігін айтқан. Келесі хадисте: «Алла Тағаланың харам еткен нәрселерінде сендерге шипа жоқ»[2], – деп емнің өзін адал нәрселерден іздеуімізді бұйырды.

Осыны негізге алып ғұламалар шариғатта харам немесе нәжіс деп танылған кез келген нәрселермен емделуге рұқсат жоқ деген. Алайда дәрі-дәрмектің құрамындағы нәжіс немесе харам нәрселер химиялық немесе басқа жолдармен өңделіп, өзгертіліп басқа затқа айналса немесе жойылып кетсе,  онда оны дәрі ретінде  қолдануға болады. Ал өзінің құрамын түбегейлі өзгертпесе, онда оны қолдануға рұқсат жоқ. Тек зәрулік жағдайда, оған балама таза дәрі табылмаса әрі сенімді, білікті дәрігер ұсынса, аталған дәріні емдік мақсатта қолдануға рұқсат.

Иззуддин ибн Абду әс-Сәлам өзінің «Қауаид әл-ахқам фи масалих әл-әнам» атты кітабында жоғарыдағы көзқарасты қуаттап былай дейді:   ﺟﺎﺯاﻟﺘﺪاﻭﻱ ﺑﺎﻟﻨﺠﺎﺳﺎﺕ ﺇﺫا ﻟﻢ ﻳﺠﺪ ﻃﺎﻫﺮا ﻳﻘﻮﻡ ﻣﻘﺎﻣﻬﺎ، ﻷﻥ ﻣﺼﻠﺤﺔ اﻟﻌﺎﻓﻴﺔ ﻭاﻟﺴﻼﻣﺔ ﺃﻛﻤﻞ ﻣﻦ ﻣﺼﻠﺤﺔ اﺟﺘﻨﺎﺏ اﻟﻨﺠﺎﺳﺔ. «Лас (нәжіс) нәрседен басқа таза дәрі табылмаса, онымен емделуге рұқсат. Өйткені емделу және денсаулықты сақтау нәжіс нәрселерден аулақ болудан жоғары тұрады». 

Анығын Алла білуші.

fatua.kz

 

[1] Тирмизи, «Тиб» кітабы, №2038, 4/383.

[2] Бухари риуаят еткен.

[3] Қауаид әл-ахқам фи масалих әл-анам: 1-том, 66-бет.

Тегтер: #харам #дәрі
Пікірлер Кіру