ЗИЯНКЕС ЖАНУАРЛАРДЫ ОТПЕН ӨЛТІРУГЕ БОЛА МА?

26 қазан 2023 3291 0
Оқу режимі

Жылан, шаян және т.б. зиянкес жануарларды отқа тастап өлтіруге бола ма?


Жауап

Жауап: Жалпы Алла Елшісі (ﷺ) зиянкес жәндік-жануарлардың ішінен бесеуін өлтіруге болатындығын айтқан. Ол туралы Айша (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай деп айтқанын жеткізеді: «Тірі жәндік-жануардың зиян тигізетін бес түрі бар, сондықтан оларды Меккенің ішінде де, оның сыртында да жолықтырсаңдар өлтіріңдер. Олар – шаян, қарға, кезқұйрық, тышқан және қабаған ит»[1]. Дегенмен, зиянкес жәндік-жануарлар бұл бесеуімен шектелмейді. Жылан улы болғандықтан оны шаянның қатарына жатқызуға болады.

Сондай-ақ, «болмысынан зиян беруші (жануарларды, жәндіктерді) шариғатымызда өлтіруге рұқсат беріледі» деген қағидаға сәйкес кез-келген жан-жануар адамға зиян беретін болса оларды өлтірудің оқасы жоқ. Сондықтан да, жылан, шаян сынды т.б. зиянкес жан-жануарларды өлтіруге рұқсат етіледі. Алайда, оларды азаптап, отпен күйдіріп өлтіруге тыйым салынған. Себебі Пайғамбарымыз (ﷺ): (لَا يُعَذِّبُ بِالنَّارِ إِلَّا رَبُّ النَّارِ) «Отпен тек оттың Раббысы ғана азаптайды»[2]- деген.

Тағы бір хадисте: (لاَ تُعَذِّبُوا بِعَذَابِ اللَّهِ) «Алланың азабымен азаптамаңдар»[3]-делінген.

Ендеше, дінімізде зиян беретін жәндіктер мен жануарлар адамға жайсыздық туғызып жатса, оларды оттан басқа кез-келген тәсілмен, азаптамай, өлтіруге рұқсат. Тіпті, хадисте: «Кімде-кім улы кесіреткені бір ұрғанда өлтірсе, оған мынадай-мынадай жақсылық болады. Кімде-кім оны екінші ұрғанда өлтірсе, оған біріншіден азырақ мынадай-мынадай сауап болады...»[4] делінген. Сол үшін қандай зиянкес болмасын оны қинамай, тез өлтірген жөн. Өйткені Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) өзінің бір сөзінде: «Ақиқатында, Алла Тағала әр нәрсеге мейірімдік көрсетуді жазған. Егер өлтіретін болсаңдар, жақсы тәсілмен өлтіріңдер (жауыздық жасамаңдар). Мал соятын болсаңдар да, жақсы тәсілмен бауыздаңдар...»[5], - деп бұйырған.  

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

 

1]Бұхари, «Жарталыстың басталуы» кітабы, «Егер шыбын сендердің сусындарыңа түссе, онда оны батырып кейін алып тастасын. Өйткені оның бір қанатында дерт болса, екіншісінде шипа бар және тірі жәндіктердің бес түрін ихарам кигенде де өлтіруге болады» тарауы, №3314.

[2] Әбу Дәуіт, «Жиһад» кітабы, «Дұшпанды отпен өртеу мәкруһ» тарауы, №2675.

[3] Бұхари, «Жиһад және жорық» кітабы, «Алланың азабымен азаптамайды» тарауы, №2854.

[4]Мүсілім, «Амандық» кітабы, «Улы кесіреткені өлтіру мустаһаб» тарауы, №2237.

[5]Мүсілім, «Аң аулау, малды бауыздау және жеуге болатын жануарлар» кітабы, «(Малды) жақсы тәсілмен бауыздау мен өлтіру және пышақты өткірлеу» тарауы, №1955. 

Тегтер: пәтуа хадис
Пікірлер Кіру