ҚҰРАНДЫ КІМ ЖИНАҚТАДЫ ЖӘНЕ СҮРЕЛЕРДІ КІМ РЕТТЕДІ?

31 қазан 2023 3584 0
Оқу режимі

Ассаламуағалейкум!

Менің білуім бойынша Құран пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тірі кезінде кітап болып жиналған жоқ. Мені қызықтырып отырған сұрақ: ол қашан, қалай жиналды және оны кім жасады?  Сүрелердің, параларды кім реттеді және ол қандай заңдылыққа сүйенген? Жанайдар Ахметов


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Сауалды екіге бөліп қарастырған жөн. Бірінші, Құранның бір кітапқа жинақталу тарихы. Екіншісі, Құран сүрелерінің тәртібі мен реті қандай шартпен түзілгендігі.

1. Құранның жинақталу тарихы.

Зайд бин Сабит (р.а.): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүние салғанда Құран біртұтас болып жинақталмаған еді[1]», – деген.

Сонымен бірге, Зайд бин Сабит (р.а.): «Алла елшісінің кезінде Құранды теріге жазушы едік[2]», – деген де сөзі бар. Ал, Әбу Сағидтен (р.а.): «Менен еш нәрсе жазбаңдар, Құраннан басқа жазған нәрселеріңді өшіріп тастаңдар. Менің сөздерімді (хадистерді) айта жүріңдер, ештеңе етпейді. Кімде-кім менің атымнан жалған сөйлесе тозақтан орнын әзірлей берсін[3]», – деген риуаят жеткен.

Демек, бұл айтылғандардың барлығы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде Құран кітап түрінде жинақталып, реттелмегенін білдіреді. Бірақ, оны сахабалар теріге және басқа да жазуға болатын сол замандағы заттарға хатқа түсіріп отырған. Тіпті, 40-қа тарта куттаб уахи (уахи жазушылар) сахабалар болған.

Ал, мусхаф (кітап) болып жинақталуы екі кезеңнен: Әбу Бәкір (р.а.) және Осман (р.а.) халифалығы тұсында қолға алынуынан тұрады.

Бірінші кезең

Зайд бин Сабит (р.а.): «Йамама шайқасынан кейін Әбу Бәкір мені өзіне шақыртты. (Халифаның) құзырында Омар бин Хаттаб бар екен. Әбу Бәкір: «Маған Омар келіп: «Шайқас көптеген қариларды алып кетті. Басқа да жерлерде қарилар көптеп көз жұмып, Құранның көбінен айырылып қаламыз ба деген қаупім бар. Құранды жинауға (кітап етуге) әмір еткеніңіз дұрыс деп санаймын», – деді. Мен Омарға: «Алла елшісі (с.ғ.с.) жасамаған істі мен қалайша жасамақпын?» – дедім. Омар: «Бұл жақсы, қайырлы іс», – дегенінен танбады. Сонда мен де Омардың ойын түсіндім. «Расында, сен ақылды жігітсің, саған ешбір мін таға алмаймыз. Сен Алла елшісінің (с.ғ.с.) уахиын хатқа түсіруші едің. Құранды жинақта», – деп тапсырма берді. Мен үшін тауды бір орыннан екінші орынға ауыстыр десе, Құранды жина дегеннен ауыр болмас еді. «Сіздер қалайша Алла елшісі (с.ғ.с.) жасамаған істі қолға алмақшысыздар?!» – дедім. Әбу Бәкір (р.а.): «Бұл жақсы да қайырлы іс», – деп Алла Тағала менің жүрегімді де Әбу Бәкір мен Омардың көңіліндегіні қалағанша қайталаумен болды.

Мен ақ тасқа, құрма жапырақтарына жазылған және адамдар жаттаған Құранды жинадым... Жинақталған мусхаф Әбу Бәкір дүние салғанда оның құзырында болды. Сосын Омардың қолында, кейін Омар қызы Хафсада (мұсылмандар анасы) болды[4]».

Екінші кезең

Әнас (р.а.) риуаты: «Хузайфа бин Йаман Осман (халифа) құзырына келді. Ол шақта Армения және Азербайжанда шайқас жүріп жатқан. Хузайфа мұсылмандардың қырағаттағы[5] келіспеушіліктеріне куә болады. Ол Османға: «Үмбет яһуди мен насаралар сияқты келіспеушілікке бармай тұрып, алдын ал», – деп кеңес берді. Осман мұсылмандар анасы Хафсаға адам жіберіп: «Бізге мусхафты бере тұрыңыз, одан бірнеше мусхаф көшіріп алайық. Соңыра өзіңізге қайтарамыз», – деп сәлемдеме жолдады. Осыдан соң Зайд бин Сабит, Абдулла бин Зубайр, Сағид бин Ас және Абдурахман бин Харис бин Һишамға мусхафты көшіруге әмір етті. Осман үш құрайыштық жігітке: «Егер сендер Зайд бин Сабитпен Құранның бір жерінде келісе алмай қалсаңдар, оны құрайыш тілімен жазыңдар. Өйткені, Құран құрайыш тілінде түсті», – деді. Төртеуі осылайша мусхафты көшіріп шықты. Осман түпнұсқаны мұсылмандар анасы Хафсаға қайтарып, көшірмелерін жан-жаққа таратты. Сонымен бірге, бұл мусхафтардан басқа жазылған Құран жазбаларын (қате оқылмауы үшін) өртеуге әмір етті[6]».

2. Құран сүрелерінің тәртібі

Әбу Бәкір әл-Анбари: «Алла Тағала Құранды тұтастай дүние аспанына түсірді. Соңыра жиырма бірнеше жыл бойына бір сүрені орын алған оқиғаға байланысты, бір аятты сұраушыға жауап етіп бөліп түсірді. Жәбірейіл (ғ.с.) Пайғамбарға (с.ғ.с.) әр аят пен сүренің орнын көрсетіп отырды. Сүрелердің және аяттардың және әріптердің  барлығының орны Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) белгілеген. Кімде-кім бір сүрені ілгері немес кейін қойса, Құран жүйесін бұзған болып табылады[7]», – деген.

Сондай-ақ, Кармани: «Сүрелердің реті мен тәртібі – Алла Тағала құзырындағы Лаухул Махфуздағыдай тәртіп бойынша. Сондықтан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әр жылы (рамазанда) Құранды Жәбірейілге оқып беруші еді[8]»,-деген.

 


[1] Итқан фи улум Құран, 1-том, 181-бет
[2] Мустадрак
[3] Муслим
[4] Бұхари
[5] Қырағат – Құранды оқу диалектісі
[6] Бұхари
[7] Итқан фи улум Құран, 1-том, 195-бет
[8] Бұрхан, Кармани

Пікірлер Кіру