ҮЙ САТЫП АЛУҒА ЖИНАЛҒАН ҚАРАЖАТТАН ЗЕКЕТ БЕРУ ҮКІМІ

11 қаңтар 2024 2337 0
Оқу режимі

Сұрақ: Үй сатып алу үшін жинаған қаражаттан зекет беру үкімі қандай?


Жауап

Зекет – негізгі қажеттілігінен және қарызынан тыс меншігіндегі мал-дүниесі нисап мөлшеріне жеткен әрбір ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған мұсылман адамға парыз. Ал негізгі қажеттіліктерге жиналған қаражаттан зекет беру міндет емес. Өйткені мұндай адам бай саналмайды. Қасиетті Құранда:

ويَسأَلُونَكَ ماذا يُنفِقُونَ قُلِ العَفو

«Олар сенен (қайырға) не жұмсайтындары туралы сұрайды. «Артығын (жұмсаңдар)» деп айт» деген[1].

Имам Табари және басқа да ғалымдар жоғарыдағы аятты «Қажетінен артылғанын береді» деп түсіндірген[2]. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لا صَدَقةَ إلاّ عَن ظَهرِ غِنًى

«Зекет беру – дәулетті адамға ғана міндетті»[3], – деген.

Адам баласы үшін өмірде баспаналы болу – негізгі қажеттіліктің бірі. Осы мақсатқа жету үшін бірнеше жыл белгілі мөлшерде қаржы жинаса, сол қаржыдан зекет беріле ме, берілмей ме деген мәселеге қатысты ханафи мәзһабында екі көзқарас бар. Ибн Мәлак сынды ғалымдар «Баспана негізгі қажеттілік болғандықтан, оған жинаған қаржыдан зекет берілмейді» деген[4]. Яғни кімде-кім өз қаражатын негізгі қажеттіліктеріне жұмсаймын деген ниетпен ұстап отырса, бір жыл өтсе де, одан зекет берілмейді.

Имам Тахтауи негізгі қажеттіліктерге ыстық-суықтан қорғайтын киім, нәпақа, баспана, қару-жарақ, қолөнер бұйымдары, үй жиһаздары, мінетін көлік және ғалымдардың оқитын кітаптарын атаған. Осы нәрселерге арнап қойған қаражаты болса әрі ол бір жыл қолында тұрса да зекет беруі міндет емес деп санаған[5].  

Ал ханафи мәзһабының «әл-Мағариж», «Бадаиғ» кітаптарында: «Көбейту үшін және нәпақасына жұмсау мақсатында жинап отырған қаражатынан зекет беріледі»[6], – делінген.  

Ханафи мәзһабының танымал кітабы «Раддул Мухтарда» ибн Мәлактің «баспана негізгі қажеттілік болғандықтан, соған жиналған қаржыдан зекет берілмейді» деген пікірі дұрыс көзқарасты білдіреді. Ал «Бадаиғта» және басқа кітаптарда келген мәліметтерді былай түсіндірген абзал: «Егер қаражатты өзіне қажетті нәрселерге жұмсау үшін сақтаса және бір жыл өткеннен кейін қажетіне жаратқан қаражатынан қалған бөлігі нисапқа жетсе, одан зекет беріледі. Тіпті келешекте жаратамын деген мақсатпен сақтап қойған болса да, бір жыл айналған кезде негізгі қажеттілігіне жұмсалмағаны үшін зекетін береді»[7], – деген.     

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің XXVI отырысында бұл мәселе бойынша мынадай үкімдер қабылданды:

  1. Дүние-мүлкі нисап мөлшеріне жеткен ақыл-есі дұрыс, балиғатқа толған әрбір мұсылман адамға зекет беру – парыз;
  2. Баспана негізгі қажеттіліктің бірі болғандықтан оған жинап жатқан қаражаттан зекет берілмейді;
  3. Қаражат жинаудағы бастапқы ниеті үй сатып алу болу керек. Жиналған қаражат сауда айналымына түсетін болса және ол нисап мөлшеріне жетсе, зекет беріледі.         

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі 

 

[1] «Бақара» сүресі, 219-аят.

[2] Табари, 4/337. Құртуби, 2/48. Ибн Кәсир, 1/256.

[3] Имам Ахмад риуаят еткен.

[4] Раддул-Мухтар, 3/178.

[5] Хашияту әт-Тахтауи, 714.

[6] Әл-Бахру әр-Ройқ, 2/361.

[7] Раддул-Мухтар, 3/179. 

Пікірлер Кіру