Құран оқылып жатқанда жұмыс жасауға бола ма?

11 ақпан 2019 14044 0
Оқу режимі

Сәлеметсіздер ме. Үлкен кісілер Құран оқылса болғаны, «жұмысты тоқтат, отыр!» деп отырғызып қояды. Құран оқылғанда өз шаруаңмен айналысуға мүлдем болмағаны ма? Сонымен қатар, телефонда Құран қосылып тұрғанда да жұмыс істеуге болмай ма?  Ш. Әбен


Жауап

Сәлеметсіз бе. Алла Тағала Құран оқылғанда оны тыңдауға бұйырып:

وَإِذَا قُرِئَ الْقُرْآنُ فَاسْتَمِعُوا لَهُ وَأَنْصِتُوا لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ

«Қашан Құран оқылса, оған құлақ салып тыңдаңдар да үндемеңдер. Әрине, мәрхаметке бөленесіңдер»[1], – дейді.

Имам Қуртуби осы аятты тәпсірлей келе Абдулжаббар ибн Ахмадтың «Фауаидул-Құран» атты еңбегінен мына үзіндіні келтірген: «Мүшріктер Құран оқылғанда әдейілеп, қырсығып у-шу шығарып, естімес үшін түрлі айлалар жасайтын еді. Сол үшін Құранда олар туралы:

وَقالَ الَّذِينَ كَفَرُوا لَا تَسْمَعُوا لِهذَا الْقُرْآنِ وَالْغَوْا فِيهِ لَعَلَّكُمْ تَغْلِبُونَ

«Және қарсы келушілер: «Бұл Құранды тыңдамаңдар, оқылғанда шуылдаңдар. Бәлкім, жеңіске ие боларсыңдар» десті»[2], – делінген»[3].

Ендеше, біреулер Құран оқып жатса немесе телефон сынды құрылғыларда Құран қосулы тұрса, мүмкіндігімізше тыңдауымыз керек. Алайда қандай да бір шаруаларға, себептерге байланысты Құранды тыңдауға мүмкіндік болмаса, онда оның айыбы жоқ. Бұл үшін мұсылмандар бір-біріне ұрысып, бір-бірін ренжітуге болмайды.

Ең дұрысы Аллаға мәлім.

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 

[1] «Ағраф» сүресі, 204-аят
[2] «Фуссиләт» сүресі, 26-аят
[3] Тафсир Қуртуби

Пікірлер Кіру