Ер адамға ақ алтыннан сақина тағуға бола ма?

27 ақпан 2019 14244 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Сіздерге мынадай сұрағым бар, еркектерге алтыннан жасалған бұйым тағуға болмайтынын білемін. Бірақ ақ алтыннан жасалған жүзікті тағу бола ма, соны білгім келеді. Немесе басқа қымбат металдан жасалғанын. Құрметпен, Ерлан.


Жауап

Уағалейкумассалам!

Ия, өзіңіз айтқандай асыл дінімізде ер адамдарға алтыннан жасалған әшекей бұйымдар тағуға тыйым салынған. Бұл турасында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «إِنَّ هَذَيْنِ مُحَرَّمٌ عَلَى ذُكُورِ أُمَّتِي  حِلٌّ لِإِنَاثِهِمْ (Расында, бұл екеуі[1] үмметімнің еркектеріне – харам, әйелдеріне –халал)»,[2] – деген хадисін басшылыққа аламыз.

Ал, енді сіз айтқан ақ алтын туралы айтар болсақ, «ақ алтын» деп адамдар кейде таза платинаны (Platinum) айтып жатады. Егер солай болған жағдайда, оны тағудың еш тыйымы жоқ.

Хадисте тыйым салған алтын – сары алтын. Ол – адамдар арасында белгілі, ол химиялық элементтер кестесінде 79-шы орында орналасқан. Ал, платина болса 78-ші металл. Екі түрлі заттың атауының ортақтығы, заттарының да ортақ болуын қажет етпейді. 

Дегенмен, тағы бір ескеретін жайт: зергерлер арасында платина мен ақ алтынның айылмашылығы бар. Олар ақ алтын деп – сары алтынның платинамен немесе никельмен араласқан қоспасын айтады. Егер ақ алтын деп осы қоспа меңзелсе, онда бұл металдың айналасында ғалымдардың пікірі де екіге айырылады. Дегенмен, жоғарыдағы хадиске сүйене отырып, ер адам үшін оны тақпай-ақ қойғанын жөн деп білеміз. Ең дұрысын Алла біледі.

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

Пікірлер Кіру