Арам табысы бар үйге қонаққа баруға бола ма?

04 наурыз 2019 11708 0
Оқу режимі

Ассалам алейкум. Менің бір туысым бар, яғни немере ағам. Ағам мұнай саласында қызмет етеді. Олардың кафесі бар. Ол жерде арак-шарап сатылады. Женгем сол кафеде еңбек етеді. Менің сұрағым: олардың үйінен тамақ ішуге бола ма? Табыстың жартысы отбасына сол кафеден келеді. Конаққа шақырса не істеуім керек? 

Сәлеметсіздер ме? Таза емес жолмен ақша табатын адамның сыйлығын алуым дұрыс па?  Орал Н.


Жауап

Уа алейкум ассалам. Кірісі адал және арам жолдармен келетін адамның үйіне қонаққа баруға болып-болмайтынына, одан сыйлық алып-алмауға қатысты ғалымдар мынадай көзқарастар айтқан:

Біріншісі – Ханафи және Мәлики мәзһабтары ғұламаларының көзқарасы. Олардың айтуынша, кірісте ненің басым екеніне қаралады. Егер кірістің адалы мен арамын салыстырғанда, адалы басым болса, онда онымен мәміле жасасуға, қонағы болып тамағын ішуге болады. Ал, егер арам жағы басым болса, онда болмайды. Ханафи мәзһабының ірі ғалымы Ибн Нажим айтады: «Егер сыйлыққа берілген нәрсенің басым бөлігі адал жолмен табылған дүниеге алынса, арам жолмен келмегені нақты болса, онда оның сыйлығын алып, асын ішуге болады. Ал, егер арам дүниемен табылған болса, онда ол сыйлығын алмайды (асын да ішпейді). Тек: «Бұл таза нәрсе», – деп оны мирасқа немесе қарызға алғанын нақтылап көрсетсе ғана алуына болады»[1].

Екіншісі: ондай адаммен мәміле жасасу, сыйлығын алу (асын ішу) күнә емес, алайда мәкрүх[2] болмақ. Бұл көзқарасты Шафиғи мен Ханбали мәзһабтары ғалымдары айтқан. Шафиғи мәзһабының ірі ғалымы Имам Нәуаи айтады: «Егер сатып алушының табысында адал мен арам аралас болса, әрі оның құнын қайдан алғанын білмесе, оның затын алу күнә болмайды. Алайда, тақуалық тұрғысынан оны алмағаны жөн...»[3].

Сонымен қатар, Мәлики мәзһабының ғалымы болған Асбағ Мәлики деген кісі кірісі араммен араласқан адаммен мүлдем мәміле жасалмайды деген. Дегенмен, кейінгі келген Мәлики мәзһабының басқа ғалымы Ибн Рушд оның көзқарасын «қатты айтқан» деп бағалаған. Себебі, дүниені арамнан толық ажыратып алу өте қиын.

Тоқетері: егер сізді қонаққа шақырған үйдің кірісінің басым бөлігі нақты арам екеніне көзіңіз жетпесе, онда ол үйге қонаққа баруға да, сыйлығын алуға да болады.

Ең дұрысы Аллаға мәлім.         

Айбек Әбдіқадыр

 


[1] Ашбаһ уа назаир
[2] Ұнамсыз
[3] Мажмуъ

Пікірлер Кіру