Айт намазы жұмаға дөп түссе, тек біреуін ғана оқыса бола ма?

13 маусым 2018 11391 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум. Айт жұма күніне тура келсе, айт намазын оқыған адам жұма намазын оқымаса бола ма?  Мақсатбек


Жауап

Уа алейкум ассалам.

Бұл сұраққа жауап беру үшін біріншіден, айт намазы мен жұма намазының үкімін анықтап алуымыз керек. Себебі, айт намазының үкімі – уәжіп, ал жұма намазы болса – парыз. Екеуі – екі ғибадат. Оқылған уәжіп намаз үшін парыз намазды тастап қоюға болмайды. Себебі, Алла Тағала жұма намазының оқылуының парыз екенін Құран Кәрімде нақты көрсетіп:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِذَا نُودِيَ لِلصَّلَاةِ مِنْ يَوْمِ الْجُمُعَةِ فَاسْعَوْا إِلَى ذِكْرِ اللَّهِ وَذَرُوا الْبَيْعَ ذَلِكُمْ خَيْرٌ لَكُمْ إِنْ كُنْتُمْ تَعْلَمُونَ

«Әй, мүміндер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде, дереу Алланы еске алуға (намазға) ұмтылыңдар және сауданы қойыңдар, егер білген болсаңдар, бұл сендер үшін жақсы»[1], – деп, жұма намазының міндетті түрде оқылатынын көрсетуде. Ал, фиқһ ілімінің негіздерінен хабары бар адамдар біледі: мутауатир[2] жолмен келген Құранның үкімін жекелеген жолмен келген ахад хадистер[3] өзгерте алмайды.

Ханафи мәзхабының ірі ғалымы Ибн Абидин айт намаздары туралы: «Жұма намаз парыз болған адамға айт намазы уәжіп», – дей келе «Хидая кітабына сілтеме жасап, – «бір күнде бірге келген қос мейрамның[4] бірі сүннет[5] те екіншісі парыз[6]. Екеуі де тасталмайды»[7], – деген

Екіншіден: бұл сұрақтың төркіні Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жеткен:

قَدْ اجْتَمَعَ فِي يَوْمِكُمْ هَذَا عِيدَانِ؛ فَمَنْ شَاءَ أَجْزَأَهُ مِنْ الْجُمُعَةِ، وَإِنَّا مُجَمِّعُونَ

«Бұл күндеріңізде екі мейрам қатар келді. Кімде-кім қаласа, жұма намазының орнына есептесе болады. Алайда, біз екеуін де оқимыз»[8], – деген хадиске қайтады.

Бұл хадисті ашықтаған ғалымдар мұндағы рұқсат Мадинаға айт намазы үшін шалғай жерлерден келген кісілерге бағытталғанын алға тартады. Себебі айт намазына келген адам қайта шалғайға қайтып, жұма намазға қайта келуі біраз қиындық туғызады. Сол үшін Пайғамбар (с.ғ.с) оларға рұқсат берген. Оған дәлел – хадистің соңғы «Алайда біз екеуін де оқимыз» деген бөлігі. Мұнда Пайғамбар (с.ғ.с) өздерінің екі намазды да оқитынын айтуда. Оған қоса, қаладан шалғайда тұратын кісілер үшін жұма намазы парыз болмайды ғой. Олар жұманың орнына бесін намазын оқиды.

Үшіншіден: айт жұма күніне келсе, екеуі бірдей оқылады деген көзқарасты алға тартқан ғалымдар үмметтің басым көпшілігі. Ханафи, малики, шафиғи мәзхабтары толықтай және ханбали мазхабының бір топ ғалымдары да осы көзқарасты құптаған.

Тоқетерісі: жұма намазы парыз болған адамға айт намазын оқу – уәжіп. Айт намазын оқыған адам жұма намазынан босатылмайды. Егер адам қаладан алыс жерде тұратын болса немесе тұрғылықты жерінде мешіт болмаса, оған жұма парыз болмайды, ол адам бесін намазын оқумен шектеледі.

Ең дұрысы Аллаға мәлім

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] Жұма 9
[2] Көпшіліктің көпшіліктен жеткізген хабары. Ол көпшілікке өтірік араласуы мүмкін болмайды.
[3] Бірнеше ғана адамның жеткізген хадисы. Ол хадис мутауатирдің дәрежесінде емес. Сол үшін оған қате араласуы мүмкін.
[4] Айт пен жұма
[5] Айт намазы. Оның парыз еместігін көрсету үшін сүннет деп көрсеткен.
[6] Яғни жұма намазы
[7] Раддул-Мухтар
[8] Абу Дауд

Пікірлер Кіру