Ашуды қалай жеңуге болады?

09 шілде 2018 24647 0
Оқу режимі

Сұрақ: Ассаламу алейкум уа рахматуллахи уа баракатух. Сауалым бар еди. Соңғы кездери қатты ашуланғыш болып кеттім. Сәл бір затты таппай қалсам ашуланып үйдегілерге айқайлап шығатын болыппын. Осыған қандай көмек берер единиздер. Ақыл кеңесинизди айтсаңыз. Алла разы болсын!

Шахризада Әбілхановна


Жауап

Жауап: Уа алейкум ассалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ. Ашу – Алла Тағаланың адам бойында жаратқан сипаттардың бірі. Ол сипат – көбіне болымсыз, жағымсыз түрде байқалатындықтан, оны үзілді-кесілді болымсыз деп білеміз. Тіпті, кей дін өкілдерінің ашу сынды сипаттардан түбегейлі арылу керек дегенін де естіп жатамыз.

Алайда, Алла Тағала еш нәрсені босқа жаратпайды. Әр нәрсенің хикметі бар. Не нәрсені дұрыс пайдаланса пайдалы болатыны сияқты, оны бұрыс жолда пайдалану ол нәрсені зиянды қылады.  

Десек те, ашу сипаты асау сипат, он бос жіберуге болмайды. Мискауейдің айтқаны сияқты, ашу – қабаған ит іспеттес, оны мықтап ұстамаса, иесін де қауып алуы ықтимал. Оны үнемі ақылға бағындырып отыру керек.

Осы тұста ғалымдар ашудың үкімін үшке бөліп қарастырған:

Біріншісі: құпталарлық ашу. Бұл жағдайда ашуланушы адамның ақылы сергек, ашуы өз уысында болады. Кімде-кім күнәлі іс жасап, Алланың немесе адамның ақысына қол сұқса, соған қарсы наразылық танытып ашуланады. Мысалға, Мұсаның (а.с) ашуы, Құранда оның (а.с) ашуын былай баяндайды:

وَلَمَّا رَجَعَ مُوسَى إِلَى قَوْمِهِ غَضْبَانَ أَسِفاً قَالَ بِئْسَمَا خَلَفْتُمُونِي مِنْ بَعْدِي أَعَجِلْتُمْ أَمْرَ رَبِّكُمْ وَأَلْقَى الْأَلْوَاحَ وَأَخَذَ بِرَأْسِ أَخِيهِ يَجُرُّهُ إِلَيْهِ قَالَ ابْنَ أُمَّ إِنَّ الْقَوْمَ اسْتَضْعَفُونِي وَكَادُوا يَقْتُلُونَنِي فَلا تُشْمِتْ بِيَ الْأَعْدَاءَ وَلا تَجْعَلْنِي مَعَ الْقَوْمِ الظَّالِمِينَ

«Мұса (Ғ.С.) еліне ыза болып, ашуланған түрде қайтқан кезде: «Менен кейін маған нендей жаман іс істедіңдер! Раббыларыңның әміріне асықтыңдар ма?», – деп (Тәурат) тақтайларын тастай салып, туысының (Һарунның) басынан ұстап өзіне қарай тарта бастады? (Һарун): «Әй анамның ұлы! Расында бұл ел мені, басынып тіпті өзімді өлтіруге жақындады. Енді мені дұшпандарға күлкі қылма да мені залым елмен бірге санама!», – деді»[1]. Бұл оқиғада Мұса (а.с.) еліне бір шама уақыттан кейін қайта оралғанда, елінің бұзауға табынып, Аллаға серік қосқандарына куә болады, сол үшін ашуланады.

Сол сияқты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) те ешқашан өзінің ақысы үшін ашуланбаған. Алайда дін мәселесі мен, өзге адамдардың ақысына қол сұғылып жатқанын байқаса, қатты ашуланған. Әлгі адамның ақысы қайтарылып, дін талаптары орнына келмейінше еш тыным таппаған.

Екіншісі: рұқсат етілген ашу. Ашудың бұл түрінде Алланың да, адамның да ақысына қол сұғылмайды, әрі адам ақылын жоғалтпайды. Ашу рұқсат етілген шеңберде ғана көрініс табады. Бұл жағдай көбіне жанашырлық пен мейірімнен туады. Мысалға, баланың оқу үлгерімінің нашарлығы үшін қынжылу, болашағына алаңдап ашулану.

Бұл тұста Али ибн Хусейннің (р.а) мына оқиғасын да мысал етіп бермсек болады. Бірде Али ибн Хусейн (р.а) намазға дайындалып отырып күңіне құмырамен су алдыртады. Алайда жас қыз қолынан құмыраны түсіріп алып сындырып қояды. Сонда Али ашуланады. Алайда жас қыз:

– Алла Тағала Құранда: «Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер», – деген ғой...

Али ашуын тиып:

– Ендеше, ашуымды жеңдім, – деді.

– Және де: «адамдарды кешірім етушілер», – деді.

– Алла кешіріміне бөлесін.

– Және де: «Алла жақсылық істеушілерді сүйеді»[2], – деді.

– Ендеше, бостандығыңды ала ғой, – деді.

Міне, ашудың бұл түрінде адам ашулануыға құқылы, алайда ақылы ашуына басшылық жасайды. Дұрыс пен бұрысты ақылмен таразылайды. Қажетінен тыс ашуын байқатпайды.

Үшіншісі: болымсыз ашу. Ашудың бұл түрі Шайтанның үнемі құрығын тастап отыратын тұсы. Егер адам ашуланар болса, шайтан одан өз үлесін қалай да болса алып қалуға бар күшін салады. Бұл жағдайда ашуға бұлыққан адам не айтып, не істеп, не қойғанын білмейді. Себебі оның ақылы ашуының тізгінінде кетеді. Мұндай ашушаң адам ашуының тарқалысынан кейін істегені үшін қатты өкінері анық. Сол үшін де бұл сынды ашуға о бастан жол бермеуге тырысу керек.

Бұл сынды ашудың алдын алу үшін аяттан, хадистен және тарихтан мынадай насихаттарға жүгінсек болады:

  • Аллаға сыйыну; шайтан да Алланың құлы екенін ұмытпау керек. Ол адамды қанша азғырса да, Алланың қарамағындағы адамға еш қулығы өтпейді. Имам Бухары мен Имам Муслим осы бапта Сулеймен ибн Сурадтан мынадай хадисты жеткізген:

كنت جالساً مع النبي صلى الله عليه وسلم ، ورجلان يستبّان ، فأحدهما احمرّ وجهه واتفخت أوداجه فقال النبي صلى الله عليه وسلم : إني لأعلم كلمة لو قالها ذهب عنه ما يجد ، لو قال أعوذ بالله من الشيطان ذهب عنه ما يجد

«Бірде Пайғамбармен (с.ғ.с) бірге отырғанда екі адамның бір-бірімен ұрысып жатқанын байқадық. Бірінің жүзі қызарып тамырлары ісініп кеткен екен. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с): «Мен сондай бір сөзді білемін, егер ол сол сөзді айтар болса ашуы тарқар еді. Егер ол «Әъузу билләһи минәш-шәйтан»[3] десе, ашуы тарқар еді», – деді»[4].

  • Үндемеу; Пайғамбар (с.ғ.с):

إذا غضب أحدكم فليسكت

«Егер қайсы бірің ашуланар болса, үндемесін»[5], – деген.

  • Жайлану, тиышталу, күйін өзгерту; Пайғамбарымыз (с.а.с):

إذا غضب أحدكم وهو قائم فليجلس ، فإن ذهب عنه الغضب وإلا فليضطجع

«Егер қайсы бірің ашуланғанда тұрып тұрған болса, отырсын. Ал егер ашуы тарқамаса, жатсын»[6], – деген.

  • Ашуға алынбау – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өсиеті екенін ұмытпау.

Бірде бір кісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп: «Маған өсиет айтыңызшы», – деп өтінген, сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ашуланба!» – деді. Әлгі кісі өтінішін тағы бірнеше рет қайталады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) әр кезде де «Ашуланба!» – дегенін қайталаған.

  • Ашуды жеңу – жаннаттың кілті; Пайғамбар (с.ғ.с):

لا تغضب ولك الجنة

«Ашуыңды тізгінде, жаннатқа кіресің»[7],– деген.

  • Нағыз батыр – өзін жеңе білген адам; Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтты:

ليس الشديد بالصرعة ، إنما الشديد الذي يملك نفسه عند الغضب

«Нағыз мықты күресте жеңген емес, нағыз батыр – ашуға бұлыққанда өзін жеңе білген адам»[8].

  • Дәрет алу; Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқан:

إِنَّ الْغَضَبَ مِنْ الشَّيْطَانِ وَإِنَّ الشَّيْطَانَ خُلِقَ مِنْ النَّارِ وَإِنَّمَا تُطْفَأُ النَّارُ بِالْمَاءِ فَإِذَا غَضِبَ أَحَدُكُمْ فَلْيَتَوَضَّأْ

«Расында ашу шайтаннан, шайтан болса, оттын жаралған. Расында от сумен өшіріледі. Егер қайсы бірің ашуланатын болса, дәрет алсын»[9].

  • Ашуды жеңе білу – Алланың жақсы көретін әрі Оған етене жақын тақуа адамдардың сипаты екенін білу.

Алла Тағала жақсы көретін тақуа құлдарын Құранда былай сипаттайды:

الَّذِينَ يُنفِقُونَ فِي السَّرَّاءِ وَالضَّرَّاءِ وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ ۗ وَاللَّهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ

«Олар кеңшілікте, таршылықта Алла жолында мал сарып қылғандар. Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла жақсылық істеушілерді жақсы көреді»[10].

  • Алланың әмірлеріне тоқтам жасау;

Бірде Омарға (р.а) бір түздік араб келіп:

– Әй, Хаттабтың ұлы! Алламен ант етейін, сен бізге не кеңдік жасамадың, не арамызды әділдік танытпадың! – деп бұлқынды.

Бұны естіген Омар қатты ашуланып, әлгі түздік арабты орнына қойғысы келгенде, Омардың қасында отырған Хур ибн Қайс:

– Уа, мүміндердің әміршісі! Расында Алла Тағала Пайғамбарына (с.ғ.с):

خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ

«Кешірім жолын ұста және оларға туралықты әмір ет. Сондай-ақ білімсіздерден бет бұр», – деді ғой. Бұл адам да білімсіздерден екен...

Осы сөзді естігеннен кейін Омар (р.а) орнында тұрған күйі қалды. Расында ол Алланың кітабынан асып кетпейтін.[11]

Міне, ашудың алдын аларлық тәсілдердің бірер тізбегі осындай. Ашуыңызды жеңу үшін осы айтылғандардың қайсы бірін қолдансаңыз, Алланың қалауымен ашуыңыздан үстем боласыз.

Сәттілік иесі Алла ғана.

Айбек Әбдіқадыр

Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] Ағраф 150

[2] Әли Имран 134-ші аятынан

[3] Аллаға шайтаннан сыйынамын.

[4] Бухари, Муслим.

[5] Ахмад.

[6] Ахмад, Абу Дауд.

[7] Табарани.

[8] Ахмад.

[9] Ахмад, Абу Дауд.

[10] Әли Имран 134

[11] Фатхул-Бариү

Пікірлер Кіру