Әбу Ханифаның табиғин болғаны рас па?

29 шілде 2019 9988 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум. Имам Абу Ханифа табиғин болғаны рас па? Кей адамдардың оның табиғин болғанына күмәнмен қарайды екен. Жалпы табиғин болудың артықшылығы не? Айдын.


Жауап

Уа алейкум әссалам!

Сіздің сұрағыңызға «жалпы табиғин болудың артықшылығы не?» деген бөлігінен бастап жауап берген жөн болар. Ол үшін жалпы табиғин деген кім екеніне анықтама бере кетейік:

«Табиғин» сөзінің тілдік мағынасы – еруші, ерген деген мағынаны білдіреді. Ол «таби’а, ятба’у», яғни біреудің артынан еру деген етістіктен түрленеді.

Терминологияда табиғин деп сахабаны жолықтырған адамға айтылады[1]. Құран Кәрімде Алла Тағала: «Муһажир, әнсарлардан[2] алғашқы иман келтіргендер мен оларға жақсылықта ергендерден Алла разы болды»,[3] – дейді. Кейіннен ғалымдар осы аятқа сүйене отырып, сахабалардың артынан келген буынды Құранда айтылғандай, «табиғиндер», яғни ергендер деп атап кеткен.

АЛ, ТАБИҒИН БОЛУДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

Табиғиннің бірінші артықшылығы – олардың буыны Құранда аталған һәм сахабалардың артынша-ақ аталған. Және де «оларға жақсылықта ергендер» деп жақсылықта сахабалардан кейінгі шептегі имамдар болатыны айтылған.

Ал, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадис шәрифінде: «Адамдардың ең жақсысы: Менің ғасырым, сосын одан кейін  келетіндер (ғасыры), сосын олардың соңынан келетіндер (ғасыры)»,[4] – деген. Бұл хадис те табиғиндердің орнын ерекшелеп көрсетуде. Әрі кейінгі келген буындар ол буындай бола алмайды.

Әбу Ханифаға (р.а) келсек, ол кісі – табиғин. Оған тарих пен тарихи тұлғаларды жетік білген ірі ғалымдардың баяндамаларынан біле аламыз. Мысалға, Ибн Хажар (р.а) былай дейді: «Әбу Ханифа бір топ сахабаларды жолықтырған. Себебі, ол хижраның 80-ші жылы Куфа қаласында дүниеге келген. Ол кезде ол қалада Абдулла ибн Абу Ауфа (р.а) бар болатын. Ол кісі кейіннен қайтыс болғаны аян. Сонымен қатар, ол кездері Басра қаласында Әнәс ибн Малик (р.а) та бар еді. Ол (р.а) тоқсаныншы жылдан кейін қайтыс ғана болған. Ибн Сағд бір сөзінде Абу Ханифаның Әнәсті (р.а) көргенін жеткізеді. Ал, бұл өңірлерде бұл екі сахабадан өзге тағы қаншама тірі сахабалар бар еді».

Әл-Әздидің «Мәнәзилул-әимматил-арбаға» атты кітабында Әбу Ханифаның (р.а): «Әкеммен бірге 96-шы жылы қажылыққа бардым. Ол кезде 16-да болған едім. Сонда айналасына адамдар молынан топталған бір ақсақалмен жолықтым. Әкемнен: «Бұл кісі кім?» – деп сұрадым. Ол маған: «Бұл кісі Мұхаммедтің (с.ғ.с) сахабасы, оның аты Абдулла ибн Харис» – деді», – дегенін жеткізген.

Осы сынды Хатиб Бағдади, Имам Заһаби, Имам Ирақи т.б. ірі ғалымдар да Абу Ханифаның табиғин екеніне тоқтаған.

 


[1] Ибн Хажар, ИбнКәсир, Хатиб Бағдади сынды кісілердің ортақ анықтамасы
[2] Сахабалар осылай муһажирлер және әнсарлар деп екіге бөлінген.
[3] Тәубе 100.
[4] Бухари, Муслим.

Тегтер: Әбу Ханифа
Пікірлер Кіру