Әйел кісі «талақ» десе, онысы талаққа саналады ма?

04 желтоқсан 2019 9938 0
Оқу режимі

Ассаламуғалейкум! Әйел кісі «талақ» деп айтса талаққа саналады ма? Бауыржан.

 


Жауап

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

1. Ері әйеліне талақ етуге өкілеттілік берген болса, әйелі өзін талақ ете алады. Мұны «тәфуиди талақ»дейміз[1]. Талақтың бұл түрі айтылған сөзге қарай - «рижғи талақ» немесе «баин талақ» үкімін алады.

2. Әйел кісі ерімен белгілі ақыға келісіп, «талағын» сатып алуы мүмкін. Бұны «хүлғ» деп атайды. Бұл - «кіші байн талақ» үкімін тудырады[2].

3. Әйел кісі кейбір зәру жағдайлар себепті қазыға (бүгінде мұсылман сот) жүгініп,  сот арқылы ажырасуға құқы бар.

Бұлардан өзге әйел кісінің өз бетінше «талақ» деп айтқан сөзі – талақ болып есептелмейді.

Дінімізде талақ ету құқы - тікелей отағасына тән[3]. Жоғарыда сайып өтілгендерді айтпағанда, әйел кісіге тікелей талақ ету мүмкіндігі берілмеген. Бұл - әйел затының нәзік табиғатын, әрі аса сезімталдылығын ескергендіктен болса керек.

Бұнымен қатар, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мына бұйрығын айтпай кетуге болмайды. Ол (с.ғ.с.) былай дейді:

«Қайсыбір әйел ешқандай залал көрмесе де күйеуінен талақ сұрайтын болса, ол әйелге жәннаттың иісі харам»[4].  

Сондықтан да, қит етсе «кетемге» басып, ажырасуды көздеудің күнә екендігін естен шығармаған жөн.

 


[1] Мысалы, ері әйеліне: «Өзіңді қалаған уақытта талақ ет» десе, әйел кісі сол мезетте немесе басқа уақыттарда талақ ете алады.  Алайда, «қалаған кезде» деп емес, жай: «Өзіңді талақ ет» деген жағдайда, әйелдің тек сол мезетте, сол мәжілісте ғана талақ ету құқы бар. Егер, орнынан тұрып, кетіп, басқа нәрселермен шұғылданса, есептелмейді.

[2] Рижғи талақ - үш хайыз уақыты ішінде қайта татуласуға мүмкіндік бар, неке жаңартпайды. Байн талақ – «үлкен байн» және «кіші байн» талақ болып бөлінеді. Үлкен байн талақта қайта қосылу мүмкіндігі жойылады. Кіші байн талақтан кейін - әйелдің ризалығымен қайта неке жаңартуға мүмкіндік бар.

[3] Ақыл-есі дұрыс, кәмілетке толған болуы шарт.

[4] Әбу Дәуід: Китабут Талақ – бәбу фил Хулъи- №2226 хадис.

Абдусамат Қасым

Пікірлер Кіру