Жаңа ай туғанда дұға оқудың себебі неде?

05 қаңтар 2020 22900 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Бала күнімізде ата-әжелеріміз ай туса «Жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке...» деп дұға жасаушы еді. Намаз оқуды бастаған соң, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ай туғанда дұға оқығандығын білдім. Оның себебі не? Азамат  


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Ғаламдағы барлық жаратылыс Алла Тағалаға құлшылық ететіні ақиқат. Құран Кәрімде: «Жеті көк және жер, сондай-ақ, ондағы болғандар Алланы пәктейді. Оны пәктеп, мақтамайтын ешбір нәрсе жоқ. Бірақ сендер олардың тасбихтарын (құлшылықтарын) түсіне алмайсыңдар...»[1], - деп баяндалған.

Иә, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да жансыз құбылыстармен тілдесетін. Ол жайлы хадистер де баршылық. Алла елшісі (с.ғ.с.) мұсылмандарға жер, ай сияқты жаратылыстар және күннің күркіреуі тәрізді құбылыстар да адамдармен қатар, Алла Тағалаға құлшылық ететінін хабарлаған. Талха бин Убайдулла (р.а.): «Пайғамбар (с.ғ.с.) жаңа ай туғанын көргенде, «Аллоһуммә әһлилһу ъәләйнә бил юмни уәл иман уәс сәләмәти уәл ислам, Робби уә Роббукә Аллаһ» (мағынасы: Уа, Алла! Жаңа айда бізге жеңілдік бер. Иманда, амандық және Исламда (берік ет). Менің және сенің Раббың – Алла» деп дұға етуші еді»[2], - дейді

Алла елшісі (с.ғ.с.) осы дұғаны жылына он екі рет қайталайтын. Жаңа туған айда берекет сұрап, дінде берік болуды тілеп қарсы алатын.

Сонымен бірге, мұсылмандарға айдың туу уақытын анықтауға және бақылауға шақыратын. Өйткені, айдың тууына қатысты жасалатын құлшылық түрлері бар. Мәселен, айдың ортасында үш күндік ораза, Ашура оразасы және т.б. Қала берсе, берекет, амандық, иман және Исламда берік тұруды сұраумен бірге сүннетке амал еткеннің сауабын алады. Бұл ғажап сүннет емес пе?!

 


[1] «Исра» сүресі, 44-аят
[2] Тирмизи

Пікірлер Кіру