Ішкілікті балгерге барып қойдыруға болады ма?
Сәлеметсіздер ме? Менің сұрағым емшілік туралы. Ағам арақ ішеді және күннен-күнге оның соңына әбден түсіп келе жатыр. Ешқандай сөз сүйегінен өтпейді, санасына жетпейді. Жақында жеңгем бір құрбысының күйеуі сол арақты ішуін қойғанын, оған себеп емшінің Құранмен оқытып берген бір түймедей бірдеңені күйеуінің ішетін шай суымен бірге қайнатып беру екенін айтты. Емші адамның фотосына қарап отырып оның немен ауыратынын, арақты қойып кете алу мүмкіндігінің бар-жоғын айтады екен дағы, жаңағыдай оқылған буйымдар береді. Осындай кісілерге баруға бола ма? Бұл кісінің емші екенін әлде балшы-балгер екенін түсіне алмай отырмын. Салтанат
Жауап
Сәлеметсіз бе, Салтанат!
Алла Тағала қандай да бір дерт берсе, міндетті түрде оның емін де қоса береді. Біздің міндетіміз – сол емді тынбай іздеу. Арақ қойдыруға байланысты медицинада бірнеше әдіс қалыптасқан. Мәселен арнайы дәрілер бар.
Сахаба Әбу Һұрайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.):
عن أبي هريرة رضي الله عنه عن النبي صلى الله عليه وسلم قال ما أنزل الله داء إلا أنزل له شفاء
«Алла қандай да бір дерт түсірсе, міндетті түрде оның емін де түсіреді», – деген хадисін жеткізеді.
Ал, сіздің сөзіңізді саралай отырып, ол емшінің балшы-балгер екендігін айтуға болады. Сондықтан ондай адамға баруға шариғи тұрғыдан болмайды. Өйткені, ол ғайып бір істі болжап отыр. Ал, Қасиетті Құран аяттары мен хадистерде ғайып істер жайлы болжам жасаудың үлкен күнә екендігі ескертілген.
قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿قُلْ لا يَعْلَمُ مَنْ فِي السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ الْغَيْبَ إِلَّا اللَّهُ وَمَا يَشْعُرُونَ أَيَّانَ يُبْعَثُونَ ﴾
Алла Тағала былай дейді: «(Уа, Мұхаммед) Алладан өзге көктер мен жердегілердің ешбірі ғайыпты білмейді. Олар өздерінің қашан тірілетіндерін де сезбейді деп айт».
عَنْ عَبْدِ اللهِ بْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ أَتَى عَرَّافاً أَوْ كَاهِناً فَصَدَّقَهُ بِمَا يَقُولُ فَقَدْ كَفَرَ بِمَا أُنزِلَ عَلَى مُحَمَّدٍ». رَوَاهُ الْحَاكِمُ.
Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім балгерге не бақсыға барып, оның айтқанын растаса, ол Мұхаммедке түсірілгенге (Ислам дініне) күпірлік келтіреді», – деп ескерткен.
Алла ісіңізге жеңілдік нәсіп етсін!