Шағбан айында ораза ұстауға бола ма?

20 ақпан 2023 5024 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Шағбан айында ораза тұту жайлы хадисте дерек бар ма? Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл айда ораза тұтқан ба?


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Ораза – Алла Тағалаға жақындататын ең үлкен құлшылықтың бірі. Ораза жайлы құдси хадисте: «Алла Тағала: Ораза – Мен үшін. Оның сауабын Өзім беремін. (Пендем) тән рақатын, ішіп-жеуін Менің ризашылығым үшін тәрк етеді, – дейді»[1], – делінген.

Алла Елшісінің (с.ғ.с.) Рамазаннан бөлек айларда да ораза тұтуының мәні де осыда. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) басқа айлардан қарағанда Шағбанда көбірек ораза ұстаған. Айша (р.а.) анамыз: «Алла Елшісі жыл ішінде Шағбан айындағыдай көп ораза тұтпайтын»[2], – деп еске алады.

Әбу Салама (р.а.): «Мен Айша анамыздан Алла Елшісінің (с.ғ.с.) қалай ораза тұтқандығын сұрағанымда, Ол (р.а.) кісі: «Оразаны ұзақ тұтқаны соншалық бұдан былай ораза тұтумен болатын шығар дейтінбіз. Сонан соң оразаны тоқтататын, тіпті мұнан былай енді ораза тұтпайтын болар деп қалатынбыз. Бірақ, Шағбан айындағыдай көп ораза тұтқанын көрмедім... Кейде Шағбанның аз күндерін ғана қалдырып, қалған күндерінде толығымен оразамен өткізетін», – деп айтты».

Қорыта айтқанда, Алла Елшісі (с.ғ.с.) Шағбан айын толығымен ораза етіп тұтпаған. Бірақ, шағбанның көп күнін оразамен өткізгені белгілі. Өйткені, Айша (р.а.) анамыз: «... Алла Елшісінің (с.ғ.с.) Рамазан айынан басқа уақытта айды толығымен ораза тұтқанын көрмедім»[3], – деген.

Бұл хадистер Шағбан айындағы ұсталған ораза міндетті болмаса да соншалықты бағалы және маңызды екендігін әрі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл оразаны елеусіз қалдырғысы келмегенін көрсетеді.

ШАҒБАНДА ҮЗДІКСІЗ ОРАЗА ҰСТАУ КЕРЕК ПЕ?

Алайда Шағбан айының оразасын шамасы жеткендер ғана тұтқаны абзал. Егер Шағбан айында үздіксіз ораза тұтып, Рамазан айындағы парыз оразаға шамасы келмей қалуынан сезіктенген адам болса, ол адамға Шағбан айында ораза тұтудың қажеті жоқ. Өйткені Шағбан айындағы ерікті оразадан Рамазан айындағы парыз ораза маңызды.  Сондықтан да Пайғамбарымыз (оған Алланы игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандарды Рамазан айына екі-үш күн қалғанда ораза ұстаудан тыйған. Әбу Хурайра (р.а.): «Шағбан айының бірінші жартысы өткен соң ораза тұтпаңдар»,- деген Пайғамбарымыздың сөзін жеткізеді.

Басқа хадистерде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Рамазан айының алдыңғы бір-екі күнінде ораза тұтпаңдар», – деген.

Жоғарыдағы келтірілген хадистердің мағынасы – Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Шағбан айында үздіксіз ораза тұтатын қасиетке ие еді. Сол себепті де Рамазан айында әлсіреуден я болмаса шаршаудан қорықпайтын. Ал өзгелерге Рамазан айында әлсіреп қалып, Рамазанды сергек қалыпта қарсы ала алмай қалмасын деген сақтықпен Шағбан айының 15-і нен соң ораза тұтпауды бұйырған.

 


[1] Бұхари.
[2] Муслим.
[3] Бұхари.

Пікірлер Кіру